Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан жіберілген су көлемі секундына 139 текше метрге дейін артты. Бұл туралы «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 15 ақпаннан бастап Жайық өзеніндегі су көлемі 90-нан 139 текше метрге дейін ұлғайтылды. Шешім көктемгі су тасқынына дайындық аясында қабылданған. Мамандардың айтуынша, су Орал қаласына орта есеппен 20-25 күнде жетеді, сондықтан өзен деңгейінің күрт көтерілуіне қатысты болжам жоқ.
*«Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры* Рауан Хусаиновтың сөзінше, қазір Ирикла су қоймасының 83%-ы толған. 2026 жылдың 15 наурызына қарай су көлемі 950 миллионнан 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін.
Орынбор облыстық ТЖМ баспасөз қызметі 15 ақпанда сағат 11:00-ден бастап су жіберу көлемі артқанын, ал қазір су келімі секундына 12 текше метрді құрайтынын нақтылады. Бұл шешімді Росгидромет, Росводресурсы, ТЖМ және Ростехнадзор қабылдаған. Ресей әкімшілік өкілдерінің айтуынша, су қоймасының сыйымдылығын босату ауқымды тасқынның алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2024 жылдың сәуірінде Ирикла су қоймасынан Жайықтағы су көлемі секундына 790 текше метрге жетті.
фото: travel.orb.ru

