Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Бейсенбі, 9 шілде
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Біздің сараптама»Гендерлік алшақтық индексі: Қазақстанның саяси мансап жүйесіндегі әйелдердің рөлі
Жадыра Мүсілім Біздің сараптама 05/02/2026

Гендерлік алшақтық индексі: Қазақстанның саяси мансап жүйесіндегі әйелдердің рөлі

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Елдегі гендерлік теңдік туралы айтқанда, алдымыздан жалпы ресми статистика шығатыны бар. Бұған салса, мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы – әйелдер. Бір қарағанда, қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Алайда биліктің ең жоғары қабаттарына жақындаған сайын әйелдердің саны күрт азая бастайды.

Демократиялы, зайырлы елімізде әйел мен ердің құқығы тең. Халықаралық мінберлерде де гендерлік теңдік туралы мәлімдемелер жиі айтылады. Бірақ, әлгінде айтқандай, билік құрылымына үңілсек, бұл теңдіктің нақты көрінісін көру қиын. Мысалы, Сенаттағы әйелдердің үлесі 20%-ды. Мәжілістегі 98 депутаттың ішінде 17 әйел депутат бар. Яғни бұл жалпы депутаттардың 17,3%-ы  деген сөз. Үкімет құрамына үңілсек, үш министрліктің тізгінін әйел ұстап отыр. Бұл тізімге бір агенттік басшысын қоссақ, төртеуге жетеді. Жоғарғы сот, бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитетін қоя тұралық, елдегі 17 облыс пен үш мегаполис қаламызды ер адамдар ғана басқарады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамындағы басқарма төрағасы ер адам, ал алты директорының бірі – әйел, «Бәйтерек» ҰИХ» пен «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінде сегіз адамның сегізі де ер адам. Жұбаныш болар жалғыз факт Конституциялық сотты әзірге әйел басқарып отыр. Демек бұл гендерлік теңдік талабы толық сақталатын еліміздегі әйелдердің көбіне әкімнің немесе министрдің орынбасары деңгейінде ғана қалып келе жатқанын көрсетеді.

Шетел тәжірибесі

Еуропа елдері мен АҚШ тәжірибесі әйелдердің саясат пен басқару жүйесіне келуі кездейсоқ құбылыс емес екенін көрсетеді. Дамыған демократиялы мемлекеттерде әйелдердің басқарушылық және шешім қабылдау деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік берген негізгі фактор олардың қабілетін мойындау ғана емес, сол қабілетті іске асыруға жағдай жасайтын институционалдық орта бар. Сарапшылардың сөзінше, мұндай елдерде әйелдің өмірлік таңдауы, әсіресе ана болуы кәсіби мансапқа кедергі ретінде қарастырылмайды.

Скандинавия елдерінде, Германия мен Францияда балалы болу еңбек жолындағы үзіліс емес, қалыпты әлеуметтік кезең ретінде қабылданады. Мемлекет ұзақ мерзімді ақылы декреттік демалыс жүйесін енгізген, соның ішінде әкелерге арналған міндетті немесе ынталандырылатын демалыс та бар. Бұл күтім жүктемесінің тек әйелге ғана тиесілі деген түсінікті жояды әрі жұмыс беруші үшін де гендерлік тәуекелді теңестіреді. Соның нәтижесінде әйелдер жұмысқа қайта оралғанда кәсіби позициясын жоғалтпай, мансаптық өсу мүмкіндігін сақтайды.

Балалар күтімі инфрақұрылымы да әйелдердің кәсіби және саяси белсенділігінде шешуші рөл атқарады. Дамыған елдерде балабақша мен мектепке дейінгі мекемелер әлеуметтік қызметтің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Баланы балабақшаға орналастыру – ата-ананың заңды құқығы. Мемлекет немесе жергілікті билік бұл қызметтің қолжетімділігі мен сапасына жауап береді. Ал бізде бұл мәселе әлі де көбіне отбасының ішкі жауапкершілігі ретінде қарастырылып келеді.

Сондай-ақ бұл елдерде әйелдердің жоғары лауазымдарға келуін қамтамасыз ететін тағы бір маңызды тетік – мақсатты көшбасшылық бағдарламалар жүзеге асады. Мұндай жүйе әйелдерді шешім қабылдайтын ортаға алдын ала бейімдейді.

Елдегі статистика

Қазақстана да тәуелсіздік алғаннан бері елде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар халықаралық конвенцияны ратификацияланып, стратегиялық құжат қабылданды. Ресми деректерге сәйкес елімізде жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі шамамен 48%-ды құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің 55%-дан астамы – әйелдер, ал басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 39% шамасында. Соған қарамастан бұл көрсеткіштер әйелдердің саяси шешім қабылдайтын ең жоғары деңгейге жеткенін білдірмейді. Әйелдер көбіне әлеуметтік салада шоғырланып, экономика, энергетика, қауіпсіздік және қорғаныс секілді стратегиялық салаларда сирек көрінеді. Парламент пен мәслихаттардағы әйел депутаттардың саны артқанымен, саяси ықпалы әлі де шектеулі. Бұл өсім көбіне квоталық тетіктер мен саяси ерікке байланысты жүзеге асып отыр.

Стереотиптер әлі күнге сақталып отыр

Бұл құбылыстың себептері тек заңнамалық шектеулерде емес, қоғамдық сана мен мәдени көзқарастарда жатыр. 2024 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы  мен БҰҰ Әйелдер ұйымының Қазақстандағы өкілдігі елдегі гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелерін ұсынған болатын. Зерттеу Қазақстанның барлық 17 өңірі және республикалық маңызы бар үш қаланың 3 800 респонденті арасында жүргізілді. Бұған сәйкес әйелдер өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктері ең алдымен отбасында, жұмыс орнында, содан кейін ғана қоғамдық өмірде, ал ең соңында саясатта көбірек деп санапты. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқан әйелдердің 26,6%-ы өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жеткіліксіз немесе тең емес деп бағалаған.

Ерлердің шамамен 70%-ы және әйелдердің 54%-ы «әйелдің басты міндеті – отбасында жайлы орта қалыптастыру» деп есептейді. Ал әйелдердің 54%-ы мен ерлердің 77%-ы «отбасының басшысы ер адам болуы керек» деген пікірді ұстанады екен. Сонымен қатар зерттеу Қазақстандағы әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігіне қатысты оң үрдістердің бар екенін көрсеткен. Ерлердің 75%-ы «әйелдердің жұмыс істеуі және өз табысының болуы қажет» деп санайды. Сауалнамаға қатысқан ерлердің 69%-ы жұбайы немесе серіктесі өзінен көп табыс табуы мүмкін екенін мойындайды. Алайда ерлердің тек 50%-ы ғана «әйел өз табысын толықтай дербес басқара алады» деп есептеген. Ал «әйел өз табысын күйеуіне немесе ата-анасына беруге тиіс» деген пікірді білдіргендердің үлесі Астанада шамамен 3%, Алматыда 5%, ал Шымкентте 19%-ды құраған.

Байқағанымыздай, гендерлік стереотиптер ерлердің әйелдерді қоғамдық немесе саяси өмірдің белсенді қатысушысы ретінде қабылдауына жиі кедергі келтіреді. Мәселен, сауалнамаға қатысқан ерлердің 52%-ы «әйел ел басқара алмайды» деген пікірде. Сонымен қатар гендерлік кемсітушілік әйелдер мен қыздардың білім алу және еңбекке орналасу мүмкіндіктерін шектейді. Сауалнамаға қатысқандардың 54%-ы «ғылым, технология, инженерия және математика салалары қыздарға лайық емес» деп пікір білдірген.

Іскер әйелдерге «А» корпусы ашық емес

Елдегі билік вертикалі бірнеше қабаттан тұрады. Ең жоғарысында саяси мемлекеттік қызметшілер орналасқан: министрлер, облыс пен қала әкімдері, агенттік басшылары. Олар – елдің даму бағытын айқындайтын, саяси жауапкершілік арқалайтын тұлғалар. Бұл деңгейде корпус деген ұғым жоқ, мұнда кәсіби біліктіліктен гөрі саяси сенім, элиталық келісімдер, бейресми желілер шешуші рөл атқарады. Дәл осы жерде әйелдердің көрінбеуі басталады. Саяси қабаттың астында А корпусы бар. Бұл – көпшілікке аса таныс емес, бірақ мемлекеттік басқарудың қаңқасын ұстап тұрған кәсіби элита. Министрліктер мен әкімдіктердің аппарат басшылары, жоғары әкімшілік менеджерлер осы корпусқа жатады. Олар министрлер ауысқанда да орнында қалады, институттық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Теориялық тұрғыда А корпусы гендерлік тұрғыдан бейтарап болуға тиіс. Мұнда конкурс, резерв, кәсіби тәжірибе маңызды. Бірақ тәжірибеде бұл баспалдақ та әйелдер үшін толық ашық емес. Себебі бұл деңгейге өту үшін тек еңбек өтілі емес, «көріну», «мойындалу», бейресми ортада қабылдану қажет. Бұдан соң Б корпусы орналасқан. Мұнда әйелдер көп. Вице-министрлер, департамент директорлары, басқарма мен бөлім басшылары, мамандар. Мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысын атқарып отырған да осы корпус.

Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің сөзінше, әлеуметтануда «Шыны төбе» деген ұғым бар. Бұл – әйелдердің мансап сатысымен белгілі бір деңгейге дейін көтеріліп, одан жоғары өте алмайтын көрінбейтін әлеуметтік барьері. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі әйелдердің үлесі 55%-дан асады. Бірақ бұл көрсеткіштің басым бөлігі – орта және төменгі буын мамандары. Ал облыс әкімдері мен министрлер корпусына қарасаңыз, әйелдердің үлесі саусақпен санарлық. Бұл жерде әлеуметтанушы Р. Коннелл айтқан «патриархалдық дивиденд» жұмыс істеп тұр. Билік «ерлердің дәстүрлі аумағы» ретінде легитимделген. Тіпті, шешімдер ресми кабинеттерде емес, бейресми «ерлер клубтарында» қабылданатын жағдайда әйелдер автоматты түрде ойыннан тыс қалады екен.

Сандық есеп көрсеткіш емес

Сарапшы «Қос жүк» феномені және гендерлік саясаттың кемшілігіне де кеңінен тоқталды.

«Қазіргі гендерлік саясаттың ең басты кемшілігі – оның тек «сандық» көрсеткішке жүгінуі. Иә, бүгінгі парламентте 30%-дық квота бар. Бірақ біз әйелді саясатқа шақырғанымызбен, оның иығындағы тұрмыстық еңбекті бөлісуге асықпаймыз. Бұл әлеуметтануда «Қос жүк» (Double Burden) деп аталады. Ресми деректерде Қазақстанда әйелдер үй шаруасына ерлерге қарағанда күніне орта есеппен 3 есе көп уақыт жұмсайды. Мемлекет бала-бақша мен әлеуметтік қолдауды толық қамтамасыз етпегендіктен, әйел адам «мансап немесе отбасы» деген екіұдай таңдаудың алдында қалады. Егер ер адамның мансабына отбасы «тыл» ретінде көмектессе, әйелдің мансабына отбасы көбіне «қосымша жауапкершілік» болып жүктеледі», – дейді Айдар Хамит.

Әлеуметтанушы тек «косметикалық» өзгерістер емес, құрылымдық трансформация қажет деп есептейді.

«Квотадан нақты өкілдікке әрекет ету керек. Квота тек партиялық тізімде емес, атқарушы билікте (министрліктерде, ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінде) нақты жұмыс істеуге тиіс. Сонымен бірге тұрмыстық теңдікті насихаттау маңызды.

Ерлердің декреттік демалысқа шығуын мәдени нормаға айналдыру маңызды. Бұл әйелдің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ стереотиптермен күрес жүргізу қажет. Оқулықтар мен медиадағы «әйел тек асханада, отбасыны ер адам ғана басқарады» деген образдарды өзгерту қажет.

Гендерлік теңдік – бұл әйелдердің ерлермен «қақтығысы» емес. Бұл – қоғамның интеллектуалдық әлеуетін толық пайдалану. Біз халықтың 51 пайызын құрайтын әйелдерді шешім қабылдау процесінен шеттету арқылы еліміздің даму қарқынын тежеп отырмыз. Шынайы теңдік орнағанда ғана біз тұрақты әрі әділетті мемлекет құра аламыз», – дейді Айдар Хамит.

«Мемлекеттің сыртқы саяси имиджіне әсер етеді»

Медиасарапшы әрі саясаттанушы Риза Исаның айтуынша, гендерлік теңдік мәселесі тек ел ішіндегі әлеуметтік саясаттың көрсеткіші ғана емес, мемлекеттің сыртқы саяси имиджіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Осы орайда халықаралық қоғамдастық Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайын жүргізетін зерттеулеріне негізделген гендерлік алшақтық индексін тұрақты түрде бақылап отырады.

Рейтингке сәйкес Қазақстан 2015 жылдың қорытындысы бойынша 145 елдің ішінде 47-орынға көтерілген еді. Алайда 2024 жылы елдің көрсеткіші 76-орынға төмендесе, былтыр 148 мемлекеттің арасында 92-орыннан көрінді. Рейтинг деректеріне сүйенсек, қазір Қазақстан гендерлік алшақтықтың шамамен 69,8%-ын ғана жапқан. Сарапшының пікірінше, еліміздегі гендерлік теңдік мәселесінің жаһандық институттардың назарында болуының өзіндік тарихи және құқықтық негізі бар. Қазақстан 1995 жылы Әйелдердің жағдайы жөніндегі БҰҰ-ның Бейжіңде өткен IV дүниежүзілік конференциясында қабылданған Пекин декларациясына қосылған. Содан бері, яғни, соңғы 30 жыл ішінде елде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі шара жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар үкімет квазимемлекеттік секторда, яғни мемлекеттің үлесі бар компаниялардың басқару құрамындағы әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін жеткізу жөнінде міндет қойып отыр. Бұл да 2024-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында нақты белгіленген. Алайда Экономикалық зерттеу институтының деректеріне сәйкес Қазақстанда компаниялардың 24,1%-ында меншік үлесінің басым бөлігі әйелдерге тиесілі болғанымен, корпоративтік менеджменттегі әйелдердің үлесі небәрі 26%-ды құрайды екен.

Саяси саладағы жағдай бұдан да күрделі. Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес парламенттегі әйелдердің үлесі 18%-дан сәл асады, ал ерлердің үлесі шамамен 82%-ды құрайды. Үкімет құрамында 25 министр болса, соның тек үшеуі ғана әйел. Бұл заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарында әйелдердің әлі де жеткілікті деңгейде ұсынылмай отырғанын, яғни саяси құқықтарды кеңейту көрсеткіші жаһандық орташа деңгейден едәуір төмен екенін аңғартады. Риза Иса мұның түп-тамырында шешім қабылдау процесінде гендерлік стереотиптердің әлі де сақталып отырғанын айтады.

Ашық түрде болмаса да, дәстүрлі, патриархалды құндылықтар басым қоғамда ер адамдардың қызметтік мансапта жоғарылау мүмкіндігі анағұрлым жоғары болып келеді. Бұл, әрине, әйелдердің кәсіби әлеуеті төмен дегенді білдірмейді. Керісінше, ғылымда, өнерде, білім беру саласында әйелдердің белсенділігі ерлерден кем емес, тіпті орта білім беру жүйесінде әйелдердің үлесі басым. Былтырғы деректерге сәйкес, Алматы мен Астана қалаларында мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымдарда шамамен 120 әйел қызмет атқарса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 70-ке жуық. Ал елде орта буындағы мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі шамамен 30%-ды құрайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, лауазым деңгейі жоғарылаған сайын әйелдердің үлесі де азая түседі.

Сарапшы жергілікті атқарушы билікке әкімдер сайланған соңғы сайлау науқандарына да назар аударады. Оның айтуынша, өзін-өзі кандидат ретінде ұсынған әйелдер болғанымен, олардың саны тым аз. Бұл жағдай өңірлерде әйелдердің билікке келуіне ресми тосқауыл болмаса да, қоғамдық санадағы стереотиптердің әлі де ықпалын жоғалтпағанын көрсетеді. Осы тұрғыда медиасарапшы саясаттағы әйелдердің үлесін арттыру үшін квотаның қажеттігін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, қазіргі парламенттегі әйел депутаттардың үлесі дәл осы квотаның арқасында қалыптасқан. Дегенмен, квота тек сандық көрсеткішті арттыру құралы ғана. Ал әйелдерді саясатқа жүйелі түрде тартудың нақты әрі тұрақты алгоритмі әлі қалыптаспаған.

Z және Alpha буынынан үміт көп

Сарапшы елімізде әйелдер жетекшілік ететін саяси партияның жоқтығына да тоқталады. Бұрын Алтыншаш Жағанова басқарған «Руханият» партиясы болғанымен, кейін басшылық ауысып, партияның бағыты түбегейлі өзгерген. Риза Исаның пікірінше, мемлекетшілдік қасиет жынысқа тәуелді болмауы  керек. Елдің дамуы мен болашағы үшін ер мен әйел бірдей жауапты.

«Қазір мемлекет тарапынан ынталандырушы квота бар, ендігі кезекте әйелдердің өз саяси белсенділігін арттыруы маңызды. Бұл үшін әйелдердің көшбасшылық қабілетін дамытатын арнайы курстар, тренингтер, сенат жанындағы «Талдау» мектебі секілді саяси лидерлікті қалыптастыратын орталардың көбейгені жөн», — дейді Риза Иса.

Сонымен қатар саясаттанушы қазіргі Z және Alpha буын өкілдері үшін ер мен әйел теңдігі, жынысына байланысты кемсітуге жол бермеу басты құндылықтардың бірі екенін атап өтеді. Осыған байланысты алдағы он жыл ішінде әйелдердің саясаттағы белсенділігі едәуір артып, болашақта квотаның өзі қажет болмай қалуы мүмкін.

Демократиялық елде азаматтарды нәсіліне, ұлтына, жынысына байланысты кемсітуге жол берілмейді. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдердің де саяси өкілдігі болуы – заңды әрі орынды талап. Саясаттану ғылымдарының магистрі Жандос Сәрсенбеков осылай дейді.

Қазіргі кезде Қазақстанда заңнамалық деңгейде әйелдер мен жастарға ортақ 30%-дық квота бекітілген. Саясаттанушының пікірінше, заң жүзінде әйелдердің саясатқа араласуына ешқандай шектеу жоқ, крісінше әйелдердің саяси белсенділігі төмен.

Қоғам әйел басшыларды қабылдауға дайын

«Дамыған елдердің тәжірибесіне назар аударсақ, Еуропада әйелдердің саясатқа ең белсенді араласуы Скандинавия және Балтық жағалауы елдерінде байқалады. Ал Орталық және Оңтүстік Еуропада, әсіресе славян халықтары басым аймақтарда, әйелдердің саяси белсенділігі салыстырмалы түрде төмен. Батыс Еуропада ғана әйелдердің жоғары саяси лауазымдарға жету көрсеткіші жоғары. Соған қарамастан бұл елдердің өзінде де жоғары билік орындарында ер адамдардың үлесі басым. АҚШ-та да дәл осындай жағдай байқалады.

Демографиялық және әлеуметтік факторды да ескерген жөн. Әйелдердің саясатта және қоғамдық өмірде белсенділігі артқан елдерде туу көрсеткішінің төмендеуі, демографиялық ахуалдың әлсіреуі секілді мәселелер жиі байқалады. Бұл құбылысты кейбіреулер ұлт болашағының бұлыңғырлануымен байланыстырады», – дейді Жандос Сәрсенбеков.

Сондай-ақ ол елімізде бір рет облысты әйел адам басқарған тәжірибе болғанын айтты. Оңтүстіктей дәстүрлі аймақта әйел әкімнің қызмет атқаруы қоғам тарапынан қатты қарсылық тудырмағанын көрсетті. Демек қоғам әйел басшыларды қабылдауға дайын.

Жоғары саяси лауазымдардың жұмыс кестесі ресми түрде таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін деп көрсетілгенімен, іс жүзінде жоғары басшылар үшін уақыт шектеуі жоқ. Кез келген уақытта төтенше жағдай туындап, оқиға орнына баруды, жедел шешім қабылдауды талап етеді. Бұл үлкен күш-жігер мен төзімділікті қажет етеді. Мұндай өмір салты әйел адамдарға тән емес деген көзқарас қоғамда әлі де бар.

Сонымен бірге әйелдердің эмоционалдық тұрғыдан сезімтал болуы, ашу үстінде артық сөз айтып қоюы немесе асығыс шешім қабылдауы саясатта сынға жиі ұшырайды екен. Мұндай жағдайлар қоғамдық пікір қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Қоғамдағы гендерлік стереотиптер саяси институттардың өзінен бұрын жұмыс істейді. Әйел саясаткер қатаң болса «тым қатал», жұмсақ болса «әлсіз» деп бағаланады. Бір қызығы, ер адам үшін қалыпты саналатын мінез-құлық әйел үшін кемшілікке айналады. Қателесуге берілетін мүмкіндік те тең емес. Сондықтан көптеген әйелдер үшін саясат кәсіби емес, репутациялық тәуекелі жоғары аймақ. Бұған тұрмыстық және күтім жүктемесін қосыңыз. Қазақстанда отбасы, бала, қарт ата-анаға жауапкершілік әлі де көбіне әйелдің мойнында. Ал саяси лауазым – уақытқа, географияға, тұрақты қолжетімділікке тәуелді қызмет. Бұл екі әлем бір-бірімен сирек үйлеседі. Мемлекет гендерлік теңдік туралы айтқанымен, осы теңсіз жүктемені өтейтін жүйелі инфрақұрылым әлі де әлсіз.

Демек елдегі гендерлік теңдік қағаз жүзінде қамтамасыз етілгенімен, биліктің стратегиялық қабатында көрінбейтін «шыны төбе» сақталып келеді. Бұл теңсіздік заңнамадан гөрі қоғамдық санада орныққан стереотиптермен, тұрмыстық және күтім жүктемесінің тең бөлінбеуімен байланысты. Квота белгілі бір серпін бергенімен, бұл әйелдердің нақты саяси ықпалын қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл орайда сарапшылардың ойы да бір жерден шығып отыр. Яғни шынайы гендерлік теңдік үшін сандық көрсеткіштермен шектелмей, институционалдық орта мен әлеуметтік инфрақұрылымды түбегейлі өзгерту қажет.

фото: ЖИ-генератор

Автор

  • Жадыра Мүсілім

    Алматы облысында дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың халықаралық журналистика факультетін бітірген. 2016 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану жане журналистика» факультетін тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Әр жылдары "Ана тілі", "Заң", "Халық сөзі", "Қазақстан заман", "Сақшы" газеттерінде, "Тағдыр таразы" журналында тілші, бөлім меңгерушісі, "Жария" ақпараттық сайтының шеф-редакторы, "Айқын", "Егемен Қазақстан" газеттерінің тілшісі қызметін атқарған. 2025 жылдан бастап sarapshy.info ақпарат агенттігінің тілшісі.

    Барлығын қарау
Әйел теңдігі басты Басты ақпарат Гендерлік теңдік саясат
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Біздің сараптама

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

24/06/2026
Біздің сараптама

Қазақстан авиациядағы кадр тапшылығын қалай шешпек?

12/05/2026
жаңалық

Ресейдегі порттағы жаппай төбелестен кейін Қазақстан азаматтары қамауға алынды

30/03/2026

Жаңа мақалалар

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

Біздің сараптама 24/06/2026

БҚО-да жоғалған балалар саны екі есе артты

жаңалық 31/05/2026

Қазақстанда амнистия аясында 17 млрд теңге айыппұл кешірілуі мүмкін

жаңалық 30/05/2026

Қазақстан авиациядағы кадр тапшылығын қалай шешпек?

Біздің сараптама 12/05/2026

БҚО-да жүрек ауруына шалдыққандар саны 4000-нан асты

жаңалық 09/04/2026
Сайт мұрағаты
Шілде 2026
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  
« Мау    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

24/06/2026

БҚО-да жоғалған балалар саны екі есе артты

31/05/2026

Қазақстанда амнистия аясында 17 млрд теңге айыппұл кешірілуі мүмкін

30/05/2026

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2026 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.