Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен екі шетел азаматына іздеу салды. Бұл туралы агенттік ресми түрде хабарлады.
Қазіргі кезде 55 жастағы АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы және 40 жастағы Украина азаматы Марина Левкович (Гинзбург) күдікті деп танылып отыр. Тергеу дерегіне сәйкес олар Қазақстан аумағында «PIN-UP» және «PINCO» атауымен онлайн-казино ашып, оның қызметін шетелден басқарған.
Агенттік мәліметінше, Дружинскы мен Левкович қаражатты екінші деңгейлі банк өкілдерімен келісіп шығарып отырған. Күдіктілер казино қызметін заңдастыру үшін «Бонами» ЖШС бүркеме атымен букмекерлік қызметке лицензия алған.
Қаржыны аудару мақсатында «Gold Pay» ЖШС және «Cyber Pay» ЖШС (кейіннен «Pinnacle Financial Solutions» ЖШС болып өзгертілді) сияқты төлем ұйымдары тіркеліп, ақша транзиттік шоттар арқылы криптовалютаға айырбасталған.
Күдіктілерді қамау жөнінде сот санкциясы шықты.
фото: freepik.com

