БҚО-да облыстық маңызы бар автокөлік жоларын жай жөндеу және күтіп ұстау жұмысы үшін 2024-2026 жылдарға арналған бюджет бойынша үш млрд теңге бекітілген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін хабарлады.
Облыстық маңызы бар автожолдың ұзындығы — 1690 шақырым. Басқарма басшысының есебі бойынша тек облыстық автожол желісін жеткілікті деңгейде күтіп ұстау үшін бір жылда 5,5 млрд теңге қажет.
Өңірде жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы — 4704 километр. Оның 1609-ы — облыстық, 3014-і — аудандық маңызы бар жолдар. Жергілікті жолдардың 2069 шақырымына ғана асфальт жабыны төселген.
Осы жолдарды күтіп ұстау жұмысына 36 мердігер ұйым жауапты. Ресми дерек бойынша 2025 жылы облыс жолдарының учаскелерінде жалпы алаңы 13 171 шаршы метр шұңқырларды жамау жұмысы жүргізілді.
Өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте Марат Қуанышалиев мердігерлер жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Брифингте тұрғындар жолдарды тегістеу, қардан аршу жұмысы жеткілікті деңгейде жүргізілмейтіні туралы жиі шағымданатыны туралы айтылды.
— Мердігер ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейді. Техникаларда GPS-трекер орнатылған. Компаниялар есеп үшін фото-видео жіберіп отырады. Әр шақырымға бір техника қойып, қардан тазалай алмаймыз. Тұрғындар солай болуын қалайды. Бірақ бекітілген норматив бар, — деді Марат Қуанышалиев.
Басқарма басшысы мәселе бар екенін де мойындады. Мәселен былтыр полиция департаменті өз жұмысын тиісті деңгейде атқармағаны үшін облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстайтын сегіз мердігер компанияның барлығына әкімшілік айыппұл салған. Облыстық басқарма мамандары полиция департаменті және төтенше жағдайлар қызметімен бірге жолдардың қысқы кезеңге дайындығын тексерген.
— Қар аршу жұмысы бірінші кезекте қарқынды қозғалыс бар учаскелерде 2-4 сағат ішінде жүргізіледі. Қар жауып болған соң жолды толық тазалау 10 сағат ішінде аяқталуы тиіс. Одан кейін құм-тұз қоспасы себіледі, — деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, 2025 жылдың 14 қарашасынан бастап 2026 жылдың 5 қаңтарына дейін облыстық маңызы бар жолдар ауа райының қолайсыз жағдайы салдарынан 19 рет уақытша жабылды.

