Жамбыл облысында әскери қызметкердің қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі хабарлады.
2026 жылдың 6 қаңтарында әскерде қызмет ететін азаматтың жүрегі тоқтаған. Дәрігерлер көрсеткен жедел медициналық көмекке қарамастан, ер адам ауруханада көз жұмған. Оған «лейкоз» диагнозы қойылды.
Оқиғаға байланысты әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
2025 жылдың қазан айында Алматыда әскерге шақырылғанына бір апта болған сарбаз көз жұмды. Дәл сол айда міндетті әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз әскери бөлімше ғимаратының үшінші қабатынан секіріп, аман қалды.
10 қарашада Астанада балалары әскерде қаза тапқан аналар митинг өткізді. Олар әскердегі қайғылы оқиғалардың себебін әділ тергеуді талап етті. Аналардың өтінішіне бас прокурор Берік Асылов жауап беріп, кездесу өткізетінін айтты.
фото: Ұлттық Ұлан

