Қазақстанда 18–21 жас аралығындағы 19 мыңға жуық азамат микронесиесін 90 күннен астам уақыт бойы кешіктіріп төлеп жүр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова хабарлады.
Оның айтуынша, елде 18–21 жас аралығындағы 136 239 адамның микронесиесі бар. Борышкерлердің 18 638-і, яғни 13,7%-ы, қарызын 90 күннен артық мерзімге кешіктірген.
Абылқасымова 20 жасқа толмаған азаматтар арасында қаржылық тәуекелдерді азайту мақсатында жаңа қаулы енгізілетінін айтты. Енді микронесие беру кезінде қарыз алушының табысы тек жұмыс орнынан алынған анықтама және оқу орнынан берілетін шәкіртақы негізінде есептеледі.
Сонымен қатар, егер қарыз алушының банк несиесі бойынша 30 күннен асқан, ал микронесие бойынша 1 күннен асқан мерзімі өткен берешегі болса, соңғы үш жылда қарызы есептен шығарылса немесе соңғы 12 айда тиімсіз қайта құрылымдау жүргізілсе, сондай-ақ кепілсіз микронесие мерзімі 5 жылдан асса, МҚҰ микронесие бере алмайды.
фото: istockphoto.com

