Теміртау қаласында «АлбаСтройДор» компаниясының директоры Сергей Кимге «АрселорМиттал» мүлкін жымқырды деген айып тағылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз әрекеттер салдарынан жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған.
2015 жылы «АрселорМиттал Теміртау» мен «АлбаСтройДор» компаниялары арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған. Артынша Ким зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған. Ұрланған мүлікті шығару үшін қылмыстық схемаға «Күзет» ЖШС-і тартылып, оның қызметкерлері автокөліктердің бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен.
Ұрланған өнім Сергей Кимнің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» компаниялары арқылы заңдастырылған. Күдікті Ким екі ай мерзімге қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 2021 жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. 2022 жылдың маусым айында «АрселорМиттал Теміртау» еншілес кәсіпорны «Құрылысмет» металлургиялық комбинатында төрт адам қаза тапты.

