18 желтоқсанда Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан жеке тұрғын үйде бір отбасының 6 мүшесі табиғи газдан уланды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады.
Зардап шеккендер арасында 1 ересек адам және 2-13 жас аралығындағы 5 бала бар. Олар бірден ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, улану орташа дәрежеде тіркелген. Балалардың жағдайы тұрақты, анасына медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Білім басқармасының дерегінше, балалардың әкесі көз жұмған.
Оқиғаның мән-жайы толық анықталмаған. Алдын ала деректер бойынша, тұрғын үйдің газ жабдығына техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарты жоқ.
12 желтоқсанда Оралда бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт шығып, газ-ауа қоспасы жарылды. Желіде тараған видеодан пәтер ішінен жалын бұрқ етіп, балкон терезесі опырылып түскенін көруге болады. Көршілердің айтуынша, пәтер бос тұрған, зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылы Орал қаласында 4 жасөспірім көлік ішінде газбен уланып қаза тапты.
фото: istockphoto.com

