Оралда бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт шығып, газ-ауа қоспасы жарылды. 12 желтоқсан күні БҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша терезеден түтін шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнындағы бейнежазба желілерде кеңінен таралды. Қысқа видеода сатымен көтеріліп келе жатқан өрт сөндіруші жарылыстан дер кезінде сақтанып үлгергені көрінеді. Пәтер ішінен жалын бұрқ етіп, балкон терезесі опырылып түсті. Сол сәтте балконда тағы бір құтқарушы болды.
Сағат 14:34-те апат орнына келген кезде өрт сөндірушілер пәтерде жеке заттар мен жиһаздың өртеніп жатқанын анықтаған. Өртті сөндіру кезінде газ-ауа қоспасы жарылып, терезе мен балкон шынысы сынды. Көршілердің айтуынша, пәтер бос тұрған, зардап шеккендер жоқ.
Шамамен 10 шаршы метр аумақты қамтыған өрт толық ауыздықталды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Серіков өрт асүйден шыққанын, тұрғындардың эвакуацияланғанын хабарлады.
Оқиға Циалковский көшесі,1 мекенжайындағы 4-корпуста болған.
Балконнан лап еткен өрттен аман қалған қызметкер — № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға сөндіруші-құтқарушысы, сержант Қуаныш Тілешов.
“Пәтер ішінде адам болған жоқ, бәрі жақсы, өзім де жақсымын, жарылыс болған кезде балконда жатып үлгердім”, — дейді Тілешов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қуаныш Берікұлы кейін денсаулығы жақсы екенін, кезекшілік міндетін атқарып жатқанын мәлімдеді. Оның еңбек өтілі — 11 жыл. БҚО-ның Жаңақала ауданында дүниеге келген азамат Б. Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімде борышын өтеген.

Оралдағы көпқабатты үйде болған өртті сөндіруге ТЖД-дан 23 қызметкер және алты техника жұмылдырылды.
Қалалық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Берікқали Айтқалиев пәтер иесінің газ жабдығын бақылайтын ұйыммен келісімшарт жасамағанын айтты. Бұл факт бойынша тұрғынға айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, таяуда төтенше жағдайлар министрлігі жеке үй иелерін түтін датчиктерін орнатуға міндеттеді.
фото: ТЖМ

