Қазақстан желтоқсанда Қашаған кен орнынан өндірілген 50 мың тонна мұнайды Қытайға алғаш рет тікелей экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне екі дереккөз хабарлады.
Каспий Құбыр консорциумының Қара теңіздегі терминалына украиналық дрон шабуылы салдарынан зақым келгеніне байланысты үкімет осындай шешім қабылдап отыр.
Дрон соққысынан кейін жүктерді тиеуге арналған басты инфрақұрылым аймағы – бір нүктелі айлақ істен шыққан. Қазір үш айлақтың тек біреуі жұмыс істеп тұр.
Қазақстанның энергетика министрлігі Қашаған мұнайын Қытайға тікелей жөнелту туралы комментарий бермегенімен, Каспий мұнайын тасымалдау үшін қосымша бағыттар іздестіріліп жатқанын растады. Әдетте Атасу-Алашанкоу құбыры Қазақстанның өзге кен орындарының мұнайын тасымалдайды, ал Қашаған мұнайы негізінен консорциум желісі арқылы Новороссийск портына жөнелтіледі.
Қашаған мұнайы Қытайға Атасу-Алашанкоу құбыры арқылы жөнелтіледі. Кен орнын NCOC консорциумы игереді, оның құрамына Қытайдың CNPC және Жапонияның Inpex компаниялары кіреді.
фото: istockphoto.com

