Орал қаласында тұз тапшы болып жатыр. Бұл туралы жергілікті басылым хабарлады.
Тұз ірі супермаркеттерден де, шағын дүкендердің сөрелерінен де көрінбейді. Сатушылар тапшылықтың неден туындағанын түсіндіре алмаған.
БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ай сайын тұрғындар тұтынатын тұз көлемі шамамен 90 тонна. Оның 80%-ы Ресейдің Орынбор облысындағы «Руссоль» компаниясынан жеткізіледі.
Кейбір дерекке сүйенсек, аталған компания тұз жөнелтуді уақытша тоқтатты. Соған байланысты өңірдегі көтерме жеткізушілер басқа өңірлерден тұз тасымалдап жатыр.
Сауда министрлігі «Руссоль» компаниясының экспорттауды тоқтату себебін анықтау үшін Орынбор облысына делегация жіберілгенін хабарлады.
БҚО әкімдігі тұзға деген сұранысты толық қамту үшін «Аралтұз» АҚ және «Абзал и К» компанияларымен келісімшарттар жасасқанын мәлімдеді. БҚО-дан 1040 шақырым алыс Қызылорда облысынан тасымалдау қиын, сондықтан өнім пойызбен 4-5 күнде жеткізіледі.
Қазіргі кезде 300 тонна тұз жеткізу туралы келісім жасалып, оның бір вагоны (60 тонна) жолға шықты. Қызылорда тұзы Оралға 30 қарашада жетеді.
Таяуда БҚО-да «Илецкая» тұзының келісін 55 теңгеге алып, 90 теңгеге сатқан «Жұлдыз» жеке кәсіпкеріне айыппұл тағайындалды.
Қазір кей дүкендер тұздың бағасын бекітілген 55 теңгеден асырып, 107 теңгеге сатып жатыр, деп шағымданды тұрғындар. Айта кетейік, ас тұзы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жатады.
Автор
-
Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университетінің Халықаралық журналистика факультетінің 2-курс студенті. 2025 жылдан бастап Sarapshy.info сараптамалық ақпарат агентігінің медиа-редакторы қызметін атқарады.
Барлығын қарау

