Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі директорына бюджеттен 49 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген айып тағылды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің БҚО департаменті хабарлады.
Тергеу мәліметі бойынша колледж директоры Серік Мұхамбеталиев қағаз жүзінде 54 адамды студент ретінде тіркеп, оларға баға мен үлгерімі туралы жалған құжат рәсімдеп келген. Осы арқылы директор қыруар стипендия қаражатын иемденіп отырған.
Стипендия нақты тізімде жоқ студенттердің атына ашылған жалған шоттарға түскен. Тергеу барысында банк карталары директорға немесе оның нұсқауымен өзге сыбайластарына қолма-қол ақша алу және қаражатты пайдалану үшін берілгені анықталды.
Серік Қайырұлы бұған дейін жоғарғы аграрлық-техникалық колледжін басқарды. Орал қалалық мәслихатының депутаты болды. Директор «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтысарин» төсбелгілерімен марапатталған.
Айта кетейік, қазан айында БҚО-ның Теректі ауданында мемлекеттік кітапханадан 46 млн теңге жымқырған бухгалтерлер шартты жазаға кесілді.

