2025 жылдың 24 қарашасынан бастап Қазақстанда екінші деңгейлік банктердің несие саясатына өзгерістер енеді. Енді Kaspi Дүкен немесе Halyk Market секілді маркетплейстерде рәсімделген бөліп төлеу несие деп саналады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу агенттігі хабарлады.
Агенттік басшысы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, маркетплейстер ұсынатын бөліп төлеуді заң тұрғысынан несие ретінде қарастыруға болады.
«Көптеген маркетплейстер тұрмыстық техниканың, гаджеттердің, жиһаздардың, тіпті білім беру қызметтерінің ақысын бөліп төлеуді ұсынады. Бірақ бұл қарыздардың шарты бөліп төлеуге емес, несиеге ұқсас», — деді ол.
Банктердегі былық
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Абенов қазақстандықтардың атына заңсыз рәсімделген онлайн-кредиттердің күшін жоюды ұсынды. Оның айтуынша, қазір кей банктер клиенттердің ескі деректерін пайдаланып, видеорастаусыз несие рәсімдеп жатыр. Бұл тәсіл алаяқтық схемалар үшін қолайлы жағдай тудырады.
Депутат қаржы саласындағы цифрландырудың кейбір тұстарына қарсы пікір білдірді. Ол Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, ЭЦҚ немесе биометрияны қолдан жасауға қатысты кез келген күмәнді жағдай азаматтың пайдасына шешілуге тиіс екенін айтты.
Айта кетейік, қазан айында БҚО-да ипотекалық несие рәсімдеуге көмектесемін деп тұрғындардан 50 млн теңге ұрлаған әйел адам ұсталды.
Қыркүйекте Бас прокуратура табыс-кірісі аз, көмекке мұқтаж азаматтардың атына несие рәсімдеп, алдап келген алаяқтарға қатысты тергеуді аяқтады.
Алаяқтықпен күресудің амалы
Биыл Қазақстанда қаржылық алаяқтықтан келген жалпы залал 116,9 миллиард теңгеден асқан. Қаржы нарығын зерттеу агенттігі осы тұста несие рәсімдеу тәртібін қатаңдату бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Оқыңыз: Қазақстан жеке тұлғаларға берілетін несие бойынша талаптарды неге қатаңдатты?
Енді банктер тұтынушыларға несие бермес бұрын тәуекелді анықтаудың жаңа тәртібіне жүгінуге тиіс. Құжатта кредит беру тәртібі, қарыз алушылардың төлеу мүмкіндігін талдау, лимиттер және банктің шешім қабылдау алгоритмдері нақтыланған.
Егер жеке тұлғаға берілетін қарыз көлемі банктің меншікті капиталының 0,01-0,02%-ынан асса, банк қарыз алушының табысын, мүлкін, қарыздық жүктемесін, несие тарихын және жұмыс орнын толық талдауы қажет.
Заңды тұлғаларға берілетін қомақты қарыздар үшін банк қаржылық есептілікті терең зерттеп, табыс, қарыз жүктемесі, ақша ағыны және басқару сапасындағы тәуекелдерді бағалауға тиіс.
Сондай-ақ, банктерге берешегі 30 күннен асқан қарыз алушыларға немесе реструктуризация жасаған азаматтарға жаңа несие беруге тыйым салынды.
2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанның несие нарығында бөлшек несиеге деген сұраныс артты. Биыл сәуір-маусым айларында орташа қарыз көлемі адам басына шаққанда 17,4 млн теңгеге дейін өсті.
Айта кетейік, 24 қазаннан бастап қаржы ұйымдары азаматтардың қарызы туралы ақпаратты салық органдарына жолдауға міндеттелді.
фото: freepik.com

