Астанада ұлдары әскерде қаза болған аналар министрліктер үйінің алдында митинг өткізді. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған жазбалардан белгілі болды.
Әйелдер әскердегі қайғылы оқиғаларды әділ тергеуді және қорғаныс саласында реформа жүргізуді талап етті. Олардың айтуынша, көптеген сарбаздың өлімі «суицид» деп тіркелсе де, бұл шындыққа жанаспайды.
«Балаларымыз әскерден табытпен келіп жатыр. Әділдік талап етеміз», – деді митингке қатысқан аналардың бірі.
Митинг жүріп жатқан жерге полиция қызметкерлері келген.
2023 жылы әскери борышын өтеуге аттанған Ербаян Мұхтар белгісіз жағдайда басына 2 оқ атылған. Таяуда қазақстандықтар ауыр жарақат алған Ербаянның еміне 230 млн теңге жинап, оны Түркияға ем алуға жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айында Алматыда әскерге шақырылғанына бір апта болған сарбаз қаза тапты. Жақындарына оның менингитпен ауырғаны хабарланғанымен, туыстары сарбаздың әскерге дейін денсаулығы жақсы болғанын айтады.
Дәл сол қазан айының басында Алматыда міндетті әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз әскери бөлімше ғимаратының үшінші қабатынан секіріп, аман қалды.
фото: istockphoto.com

