Батыс Қазақстан облысында Көшім өзені жағасындағы ағаштар кесілді. Бұл туралы әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан белгілі болды. Kazinform агенттігіне БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ағаштардың неге оталғанын түсіндірген.
Басқарманың мәліметінше, ағаштар оталған аумақ орман алқабына кірмейді. Бұл жұмыстар Шаған өзені тармағы мен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі магистралдық каналын механикаландырылған тазарту жобасы аясында жүргізіліп жатыр.
Көшім — Жайық өзенінің бір саласы. Негізінен, Жайық-Көшім су арнасы облыстағы үлкен су жүйесінің бірі болып есептелінеді.
«Өзен арналарының бойында ондаған жылдар бойы өздігінен өскен ағаштар мен бұталарды отамай тазарту жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Бұл жобада қарастырылған. Жұмысқа кесел келтірмейтін ағаш пен бұталар кесілмейді», — деп хабарлады басқарма агентікке.
Қазіргі кезде Жайық өзенінен басталатын магистралдық канал тазартылып жатыр. Бұл жобаға бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Аталмыш канал арқылы Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов және Тасқала аудандарындағы ауыл шаруашылығы нысандарына жеткізілетін су көлемін көбейту көзделген.

