Ресей Федерациясы Қазақстан арқылы санкцияланған өнімдердің ел аумағына заңсыз жолмен қайта экспортталып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ресейлік «Россельхознадзор» баспасөз қызметі хабарлады.
«Россельхознадзордың» мәліметінше, электронды құрылғылар арқылы бақыланатын транзитке қарамастан, соңғы уақытта Ресейде санкцияланған жүктердің реэкспорты бірнеше рет тіркелген.
Таяуда Ресейдің Орынбор облысында маркалауы талапқа сай келмейтін төрт партия жаңа алмұрт тәркіленді. Оның бірі фитосанитарлық сертификатсыз, ал үшеуі қазақстандық сертификаттармен келген. Құжаттарда өнімнің шыққан жері Қазақстан деп көрсетілгенімен, жемістердің морфологиялық белгілері мен қаптамасы еуропалық «конференция» сортына тән болған.
2024 жылы Қазақстанда 203,8 тонна санкцияланған өнім анықталған, оның 180 тоннасы – Бельгиядан әкелінген алмұрттар.
Мәселе Ресейдің Ауыл шаруашылығы бақылау қызметінің басшысы Сергей Данкверт пен Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының кездесуі барысында көтерілді. Тараптар фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы келісімге келді.
2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты әлемнің 60 елі мен халықаралық ұйымдар Мәскеуге қатаң саяси және экономикалық санкциялар енгізді. Қазір Ресейге қарсы 30 159 санкция жұмыс істеп тұр.
Айте кетейік, 2025 жылдың шілде айында Еуроодақ Ресейге қатысты 18-санкциялық пакетті бекітті.
Ресейге көрсеткен қолдауы үшін Беларусь пен Иранға да санкциялар қолданылды.
фото: vetandlife.ru

