Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Среда, 3 декабря
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Арнайы жобалар»Журналистік зерттеу»«Дипломмен ауылға» бюджеттен 0,01 пайызбен несие алудың тәсіліне айналды ма?
Редакция Журналистік зерттеу 16/10/2025

«Дипломмен ауылға» бюджеттен 0,01 пайызбен несие алудың тәсіліне айналды ма?

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында 2024 жылы Жаңақала оңалту-сауықтыру орталығының мейірбикесі Айнұр Каменова мен Жаңақала мектеп-гимназиясының мұғалімі Нұрайым Жақсығалиева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана сатып алған. Екеуіне де бағдарламаға сәйкес бюджеттен несие берілген. Бірақ Жаңақала ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов туысқандардан мемлекеттік бағдарламамен үй сатып алуды «алаяқтық схема» деп есептейді.

Істің мән-жайы

Baspana.market арқылы Жаңақала ауданы әкімдігінің 2024 жылдың 19 тамызындағы №164 қаулысына сай Айнұр Каменова Жаңақала ауылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесі, №15 мекенжайында тұратын Меңдіхан Сапашевтің үйін сатып алған.

Ал аудан әкімдігінің 2024 жылғы 2 қазандағы № 197 қаулысы бойынша Нұрайым Жақсығалиева Әлихан Бөкейханов көшесіндегі Сүлеймен Каменовтың атындағы №16 үйді несиеге рәсімдеген.

Назар аударатын жайт, Меңдіхан Сапашев – Нұрайымның, ал Сүлеймен Каменов – Айнұрдың қайын атасы.

Қ.Жаимовтың түсіндіруінше, Сүлеймен Каменов пен Меңдіхан Сапашевтың зайыбы – Жаңылсын Сапашева – апасы мен інісі болып келетін туысқан адамдар, яғни Сүлеймен мен Меңдіхан – Сапи Каменовтың балалары.

«Неке және отбасы туралы» заң бойынша бұл адамдар туыстар болып есептелінеді» дейді Қ.Жаимов.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы тағы бір деректі ортаға салды:

Айнұр Каменова – Жаңақала аудандық мәслихатының, «Ауыл партиясы» аудандық филиалының төрағасы Қамбар Сүлейменұлы Каменовтың әйелі. Нұрайым Жақсығалиева – «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ қызметкері Амангелді Меңдіханұлы Дүйсекеновтың зайыбы.

Шым-шытырық туыстық байланыс көңілге күдік ұялататынын айтып, дабыл қаққан Қ.Жаимов аудан орталығындағы тұратын бір топ белсендімен бірге 2025 жылдың 27 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыз жолдайды.

 

«Жаңақала ауылының Ә.Бөкейханов көшесінде №16 үйде Жаңақала аудандық мәслихатының төрағасы Қамбар Каменов отбасымен бұрыннан бері тұрады, ал Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесіндегі №15 үйде Меңдіхан Сапашевтің балалары тұрады. Сонда екі жақын туыстың балалары – Қамбар мен Амангелді жұбайларының құқығын пайдаланып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бір-бірінің жақын туыстарының аттарына тіркелген үйлерді сатып алған.

Демек, үйлерін 2024 жылдың күз мезгілінде алса да, бүгінде екі отбасы да өздерінің бұрынғы тұрған үйлерінде тұрып жатыр», — делінген президентке жолданған арызда.

Қайырғали Жаимов екі жақын туыстың келіндері қағаз жүзінде қайын аталарының үйлерін сатып алуын алаяқтық схема деп санайды. Бұған аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Каменовтың ықпалы болды деп есептейді.

Арызға қол қойғандар Қ.Каменовтың «Тоyоtа cаmry 70» маркалы су жаңа көлік мініп жүргенін алға тартқан. Қымбат көлікті жалған келісімшарт арқылы қалтаға түскен қаражат есебінен сатып алды деп күдіктенетінін жасырмайды.

«Өте ыңғайлы жағдай. Ең төмен пайызбен (теңгемен 15 жылға дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 0,01%) мемлекеттен кредит алып, оны пайдаланудың жолын тауып тұр. Схема анық әрі түсінікті», – дейді Қ.Жаимов.

Тексеріс нені көрсетті?

Ақордадан бұрын осы арыз бірнеше сатыдан өткен. Аудан әкімдігі «мұны тексеруге» құқымыз жоқ деп бас тартқан. Ал БҚО прокуратурасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған шағымдар БҚО әкімдігіне бағытталған. Барлығы да жылы жауып қоя салған.

Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесі мен Жаңақала ауылының тұрғындары хатты мемлекет басшысына жолдағаннан кейін БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасы жұмыс тобын құрып, Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекстің 71-бабына сай 10-11 шілде күндері тексеріс жүргізді.

Комиссия құрамында:

  • БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Байғазиев,
  • БҚО әкімі аппаратының бас маманы Ш.Хамитова,
  • БҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы М.Хайруллин,
  • БҚО білім басқармасының бас маманы Е.Төленов болды.

18 шілде күні БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысы Б.Қонысбаеваның қолы қойылған тексеріс қорытындысын арыз иелеріне жолдады.

Ресми мәлімет бойынша Айнұр Жанұзаққызы «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығында 2014 жылдан бері істейді. Нұрайым Мейірбекқызы 2018 жылдан бері Жаңақала мектеп-гимназиясында пән мұғалімі ретінде қызмет атқарып келеді. Екеуіне де 2024 жылы 2500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (9,2 млн-нан) бюджеттік кредит берілген.

Басқарма 2014 жылы 6 қарашада ҚР Экономика министрі №72 бұйрығымен бекітілген қағиданың 4-тармағына сай бағдарлама қатысушылары жақын туыстардан, яғни (жұбайы (зайыбы), атасы (әжесі), ата-аналары (асырап алушылары), ата-анасы бір немесе ата-анасы бөлек аға-інілері немесе апа-қарындастарының үйін немесе өздері тұрақты тұрып жатқан баспананы сатып алуына болмайтынын ескерткен.

Жұмыс тобы үйді сатып алғандар мен сатушылар туыстық дәрежесі бойынша өзара жақын емес екенін атап өтсе де, бірақ олардың туыстық қатынасы барын мүлдем жоққа да шығармады.

«Мемлекеттік қызметті алушылар Н.Жақсығалиева мен А.Каменова және үйді сатып алушылар арасында «Неке (ерлі-зайыптылық және отабсы ) туралы» кодексі 1-бабы 13-бөлігіне сәйкес жақын туыс болғанымен, жанама туыстар болып табылады. Олар мемлекеттік көмекті қажет болғасын емес, жеке мүдделерін қанағаттандыру бағытында алды деген пайым жасалынды» делінген құжатта.

Комиссия  шілде айында Айнұр Каменова Әлихан Бөкейханов көшесіндегі Сүлеймен Каменовтың көшесіндегі №16 үйде, Нұрайым Жақсығалиева Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесіндегі  №15 үйде тіркелгенін растады. Бюджеттік несиеге сатып алынған үйлерінде тұрмайтынын, яғни бұрынғы тұрақты мекенжайларында тұратынын анықтаған. Анықтаманы Жаңақала ауылының әкімдігі ұсынған.

Құжатта бюджеттік несие рәсімделгеннен кейін Айнұр Каменов пен Қамбар Каменовтың атына жаңа көлік тіркелмегені жазылған.

Материалдарды сараптай келе, комиссия екі маманның үйді алуы қағидаға қайшы келмейді деген қорытынды жасады.  Бірақ Жаңақала ауданы әкімігіне сыбайлас жемқорлық қатеріне талдау жүргізуді ұсынған.

Одан бөлек министрлік бекіткен қағидаға өзгеріс енгізу керек деп есептейді.

«Комиссия шешімі көңіл көншітпеді»

Қ.Жаимов комиссия шешіміне наразы. Ол тағы да шағымды БҚО экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, БҚО прокуратурасына, ҰҚК-ның БҚО-дағы департаментіне жолдады.

Арыз иесі бұл мәселені құқықтық және этикалық тұрғыда нақты бағалау керек деп есептейді. Оның пікірінше, заңсыз жолмен қаржылық пайда табуға ниет еткендерге қарсы қолданатын құқықтық тетіктердің болмауы билік беделіне деген күмәнді күшейтеді.

Немере ағайынның келіндері – туыстық қатынастағы адамдар. Заңда жанама туыс деген ұғым жоқ. Сондықтан шағымға қол қойғандар сараптама қорытындысымен келіспейді.

Облыстық басқарма құрған жұмыс тобы 21 шілдеде мамандар әрекетіне құқықтық баға беру туралы облыстық прокуратураға хат жолдаған. Бірақ содан бері құзырлы органнан жауап келмеген.

Арызданушының айтуынша, несие берілгеннен кейін Қ.Қаменовтың жаңа көлік мінгені, А.Дүйсекеновтың Орал қаласынан үй сатып алғаны назардан тыс қалған.

Қайырғали Жаимов басқарма уәжімен келіспей, күмәнді жолмен рәсімделген несиені кері қайтаруды талап етіп отыр. Ардагер мамандарды жазаға тартуды, олардан бюджет қаражатын өндіріп алуды ұсынды.

«Бизнестен келген адаммын»

Sarapshy.info тілшісі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы төңірегіндегі дау-дамайға байланысты Айнұр Каменованың жұмыс орнына телефон шалды.  Аудандық сауықтыру-оңалту орталығының қызметкері Каменованың қазіргі уақытта мекемеде жоқ екенін, жеке телефон нөмірін бере алмайтынын айтты. Редакция Айнұр Каменованың жолдасына, Жаңақала аудандық мәслихатының төрағасы Қамбар Каменовтің жұмыс телефонына хабарласты. Мәслихат төрағасы үйді рәсімдеген жолдасы екенін, негізгі сауалға Айнұр Каменова жауап беретінін айтып, өзіне қатысты айтылған деректердің барлығын жоққа шығарды. Бюджеттік несиеге автокөлік мінгені туралы сұрақ қойғанда «Көлік алды дегенде, мен бұрыннан бизнестен келген адаммын. Арыз жазатын адам жаза береді ғой» деп әңгімені қысқа қайырды.

«Прокуратураға да, аудитке де арыз жазды. Барлығы жауабын берді. Заң бұзды деп кінәлайтын ештеңе жоқ. Өзімді қалай ақтаймын? Сотқа беріп, ақтаймын», — деген Қамбар Каменов қазір қай мекенжайда тұрып жатқанын нақты айтпады.

Айта кетейік, стратегиялық және экономикалық даму басқармасы Каменова мен Жақсығалиеваның үй алуын қағидаға қайшы келмейді деп мәлімдеді. Дегенмен шағым жазған тарап сот арқылы әділдікке қол жеткізуді көздеп отыр. Дау-дамайға жуырда нүкте қойылмайтын сыңайлы.

Редакция бұл ақпараттардың растығына немесе тараптардың кінәсіздігіне қатысты ешқандай құқықтық баға бермейді. Материал тек қоғамдық маңызы бар оқиғаны объективті шолу ретінде ұсынылады және қорытынды шешімді құзырлы органдар қабылдайды.

фото: pixabay

Автор

  • Редакция

    Sarapshy.info – 2021 жылы қазан айында тәуелсіз медиа ретінде жеке бастама болып құрылған республикалық сараптамалық ақпарат агенттігі. Қазіргі күні агенттікті вебсайт, Instagram, Facebook, TikTok желілеріндегі парақшалар, Телеграм арнасы, ресми Youtube арнасы құрайды. 100% қазақ тілінде ақпарат таратады. Редакциясы Орал қаласында орналасқан.

    Барлығын қарау
"Дипломмен ауылға" ардагер Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы БҚО БҚО әкімдігі дау-дамай Екінші ақпарат Жаңақала ипотекалық тұрғын үй комиссия Мұғалім Сыбайлас жемқорлық ҰҚК
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

жаңалық

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025
жаңалық

Елде дропперлікке қатысты 10 істің үшеуі БҚО-да тіркелді

28/11/2025
Өте өзекті

Орал дүкендерінде тұз тапшы болып жатыр: Ресей экспортты тоқтатты

28/11/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

жаңалық 03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

жаңалық 03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

жаңалық 03/12/2025

Цифрландыру отынның «көлеңкелі» айналымын 20%-ға дейін азайтты

жаңалық 02/12/2025

Кореяда қазақстандық мигранттарды ерікті түрде шығару мерзімі ұзартылды

жаңалық 02/12/2025
Сайт мұрағаты
Декабрь 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  
« Ноя    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.