Қазақстанда тұратын 126 мың адам шетелдерде еңбек етіп жүр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Асқарбек Ертаев хабарлады.
Вице-министр мәліметі бойынша 102 мың адам Ресейде, 15 мың адам Оңтүстік Кореяда, 2 мың адам Ұлыбритания мен Еуропа елдерінде еңбек етіп жүр.
Асқарбек Ертаев 11 мың қазақстандықтың Кореяда заңсыз жүргенін хабарлады. Корея заңсыз еңбек көшін реттеуді талап еткен. Елдегі саяси өзгерістерге байланысты құжаттарды реттей алмадық дейді министрдің орынбасары.
Оқыңыз:
Былтыр ведомствоны басқарған Светлана Жақыпова Кореяның Еңбек министрлігімен меморандумға қол қойғандарын хабарлаған еді. Ол Кореяға жұмыс істеуге барам деген тұрғындар үш облыстағы арнайы орталықтарда дайындалатынын, тіл үйренетінін, одан кейін халықаралық сетрификат алып шығуы тиіс екенін айтқан.
Оған қоса Кореядағы Қазақстан елшілігінде жұмыс визасымен айналысатын адам жұмыс істеуі тиіс екенін айтқан. Ішкі істер министрлігі мигранттарды қайтарумен шұғылданады деді. Бірақ Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың азая қоймағаны белгілі болып отыр.
Оқыңыз:
Ақ айлық, қара айлық
Ресейде жұмыс істейтін Орал қаласының тұрғыны Серік Мәлікұлы (кейіпкер өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) кейінгі жылдары осы елден жұмыс іздеп келіп жатқан қазақтардың саны артып келе жатқанын айтты.
«Атыраудағы Теңіз кен орнында жұмыс орындары жаппай қысқарғасын, көбі Ресейге келе бастады. Екі-үш жылдан бері қазақтар көбейді. Мен Владимир, Амур, Жаңа Уренгой, Жаңа сібір қалаларында жұмыс істедім. Қазіргі кезде Мәскеу төңірегіндегі учаскедемін», – деді Серік.
Оның айтуынша, Ресейде 65 жасқа дейінгі азаматтар жұмыс істей береді. Ауысымдық жұмыс, яғни екі немесе үш ай істеп бір ай демалуға болады.
«Әр айдың 15-інде жалақы беріледі, 30-ында аванс төлейді. Айлық жеткілікті. Қазақстанға қарағанда ақшаны әлдеқайда көп төлейді. 800 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Рубль курсына байланысты. Жұмыс таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін. Әрине, Ресейге келместен бұрын еңбек жағдайын барлап алу керек. Еңбек шарты жоқ, екі-үш ай жұмыс істеп, түк жалақы ала алмай, сан соғып қалып жүрген қазақтар да бар», – деді мигрант.
Оқыңыз:
2022 жылдан бері Ресей-Украина соғысы жүріп жатыр. Бұған дейін жергілікті әскерилердің мигранттарды майданға үгіттегені туралы бірнеше бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Бірақ Серік соғысқа қатысу жөнінде насихат жүргізілмейді деді.
«Тәртібіңе байланысты. Арақ ішіп немесе наша шегіп, әлдекіммен шекісіп, полицияға ұсталмасаң, басқа уақытта ешкімнің шаруасы жоқ. «Соғысқа алып кетпей ме?» деп Оралдан жас жігіттер қоңырау шалып жатады. Оларға қауіп жоқ екенін айтып жатырмын», – деді Серік.
Ресей Украинаның басып алған аймақтарында да мигранттарды жұмысқа тартқан. Қазақстаннан барған жұмысшы Мариуполь қаласында ресейлік құрылыс компаниясында істеді. Бұл қала Украинаның Донецк облысында, Азов теңізінің жағасында орналасқан. БҰҰ дерегі бойынша бейбіт кезде қалада 450 мың адам тұрған. 2022 жылы РФ әскері Мариупольді қоршады.

«Мариуполь үлкен қала екен. Біз барғанда, тас-талқаны шыққан. Youtube-тен мұншалықты қирағаны біліне бермейді. Асфальттары қопарылған күйі жатыр. Дүкендегі сөрелерде бір бөлке нан ғана тұрады. Халықтың дені босып кетті. Кәрі-құртаң ғана қалды. Олармен кейде сөйлесетін едік. Азық-түлік, жұмыс жоқ деп, қиналып отырғандарын жасырмайтын.
Бізді «Эрстрой» фирмасы жұмысқа алды. Мариупольдағы институтты жөндедік. Аталған компания Путиннің қызына тиесілі дегенді естідік. Путин басып алған қалаларды қалпына келтіріп жатыр екен. Сол кезде қала орталығынан елу шақырым жерде ұрыс жүріп жатты», – деп еске алды Серік.
Оқыңыз:
Агенттіктер желілерде хабарландырулар жариялап, жаңа жұмысшыларды жинайды. Бұл жақта еңбекақы беру тәсіліне байланысты «ақ айлық», «қара айлық» деген бейресми ұғымдар бар екен.
«Агенттік жарнамасын мұқият зерделеп алу қажет. Жалақы «ақ айлық» немесе «ақ-қара айлық» деп бөлінеді. Біріншісі – жалақыңды уақытында төлейтіндерге қатысты. Екіншісінің шарты ауыр. Екі ай жұмыс істеп, демалысқа шықаннан кейін бір ай жалақысын толық төлейді де, тең жартысын қайтып оралған жағдайда ғана береміз деген талап қояды. Лажы болса, мұндай жұмыс тәсілін ұсынатындардан аулақ болған жөн», – деп сақтандырды Серік.
«Англиядан кейін Кореяға»
Сонымен, сенат кулкуарында Англия мен Еуропа елдерінде биыл 2 мың адам еңбек етіп жүргені айтылды. IOM дерегіне сүйенсек, Қазақстанда маусымдық жұмыс бағдарламасы бойынша 4 423 адамға жұмыс визасы берілген.
2025 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда қысқарған. Reuters агенттігі 2023 жылға қарағанда былтыр Лондон жалпы мигранттарға арналған жұмыс визаларын 37%-ға қысқаратқанын жазды. Соған қарағанда Англия еңбек көші-қоны саясатын қатаңдатып жатқан болуы керек.
Қазақстандықтар Еуропа елдеріне 3-6 айға жалданып жұмыс істеуге барады. Ұлыбританияда негізінен агросектор саласындағы фермалар жұмысқа шақырады. Әсіресе, Орта Азиядан жидек теруге барып жатқандар көп. Олардың қатарында қазақтар желілер арқылы жұмыс тәртібі, шетелде еңбек етудің ерекшелігі мен қиындығы туралы жиі баяндайды.
– 2023 жылы Англияға жұмыс істедім. Жарты жылға виза берілді. Сол алты айда тапқан табысқа қол жеткізу үшін Қазақстанда кем дегенде бес-алты жыл еңбек ету керек, – деді Түркістан тұрғыны Бекет Мәлік (аты-жөні өзгертілді).
Бекет аталған елде еңбек заңнамасы қатаң сақталатынын айтты. Сол кездегі лекпен Орта Азия елдерінен 30 адам барған. Оның төртеуі қазақстандық болған. Жұмысшылар құлпынай терген. Мигранттар бастапқы кезде аптасына 200-250 мың теңге ақша таба бастаған. Еңбекақы фунтпен есептелінген.
– Біздің тобымызда тәжіктер көп болды. Өзбектер де бар. Татарстаннан бір-екі адам келді. Алғашқы кезде «оңай жұмыс қой» деп ойлағаным рас. Сөйтсек, құлпынай егу нағыз бейнет екен. Жұмысқа кіріскенде қатты қиналдым. Топырақ қатты. Құлпынай көшетін нығырлап отырғызасың. Саусақтарым ісіп кететін. Тіпті түнімен қақсап, маза бермейтін. Екі-үш күн өтпей жатып, елге қайтуға билет іздей бастадым, – деп еске алады Бекет.
Бірақ шегінерге жол жоқ еді. Англияға келу үшін қомақты несие алғаны бар. Табыс табамын деген мақсат нық орындалуы керек. Содан ол өзін-өзі қайрап, жұмысқа біртіндеп көндігіп кетеді.
– Үш айдан кейін қоймаға ауыстым. Мұнда да 12 сағат тапжылмастан еңбек етесің. Ауысыммен демалыс беріледі. Қоймада құлпынайды іріктейді, дүкендерге жөнелтеді. Қысқасын айтқанда, алты ай жұмыс істеп, несие-қарызымды жауып, артылғанын шотқа аударып, Қазақстанға аман-есен қайттым, – деді Бекет Мәлік.
Елге келген соң өз мамандығы бойынша тағы екі жыл жұмыс істейді. Дегенмен Қазақстанда күнкөріс қиындап, нәпақа табудың өзі мұң болды. Енді осы жолы көздеп отырғаны – Оңтүстік Корея. Бұл – нағыз тәуекелдің жолы. Оған қоса жол шығынын жауып, делдалмен есептесу үшін тағы да несие алмақ. Мұнда да маусымдық жұмыстар атқаруға тура келеді. Табыс мөлшері – 1,5-2 млн теңге төңірегінде деп естіген.
– Қазан айында жол жүргелі отырмын. Жұмыс тауып беретін агенттік өкілімен сөйлесіп, келісімге келдім. Кореяға барған қазақтардың дені G-1 визасымен босқын мәртебесін алады екен. Оның құны мың доллар шамасы. Егер осы визаны алсам, құқық қорғау органдары қатаң шара қабылдай қоймайды. Әрине, елде заңсыз жүргенімді анықтаса, мәжбүрлі түрде мемлекеттен шығарып жіберетінін де біліп отырмын, – деді Бекет.
Ол Қазақстаннан шетелге барып жатқандардың жылдан-жылға санының артуы күнкөрістің қиындауынан деп есептейді.
– Басқа мемлекеттерге біздің елден баратын мигранттардың көбеюі – Қазақстанда әлеуметтік жағдайдың төмен екенін көрсетеді. Жалақы да аз. Егер біздің елде халықтың әл-ауқаты жақсы болса, айлық жетілікті болса, несіне шетелге жол тартамыз? Кімнің белі қайысып, өзге елге барып жұмыс істегісі келеді? Бұған билік кінәлі деп есептеймін, – деді Бекет.
Оның айтуынша, кейінгі кезде Англияға барғысы келетін қазақстандықтар күрт көбейген. Бір агентікке 15-20 мың өтінім түседі екен. Соның санаулысы ғана іріктеуден өтеді. Санкция құрсауында қалған Ресей тұрғындарын Еуропа қабылдай бермейді. РФ-да жұмысқа өтінім қабылдайтын фирмалар да жабылып қалған.
Оқыңыз:
АҚШ депортациялаған мигранттар арасында Қазақстан азаматтары бар
Санаулы қазақ тарыдай шашылып, шетелдерде нәпақа іздеп жүр. Олардың көбі заңсыз жолмен барып жатқаны анық. Мәселен, кейбірі жұмыс визасы аяқталса да, табыс табу үшін Англияда қалып қояды екен. Сондықтан ресми дерек нақты мигрант санын анықтап бере алмайды.

2025 жылдың мамыр айында халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы Англиядан Қазақстанға 3,6 млрд теңге аударылған. Оның үлесі бойынша Ресейден кейін екінші орында. Жалпы халықаралық қаражат аударымының 19%-ы Англияға тиесілі. Осының өзінен Қазақстандағы миграция көші Англия бұрылғанын болжауға болады.
Сарапшы пікірі
Заңгер-әлеуметтанушы, адвокат Халида Әжіғұлова еңбек миграциясы әлем үшін қалыпты құбылыс деп санайды. Қазақстандықтар үшін шетелден жұмыс орнын іздеп, мол табыс табу үшін тамаша мүмкіндіктің бірі.
«Еңбек көші-қоны мигранттар шығып жатқан мемлекеттерге де тиімді. Өйткені тұрғындар жаңа еңбек дағдысын игереді, тәжірибе жинап, білім алады. Мигранттар өздерінің ақшасын ішінара елге жолдайды, бұл жалпы ішкі өнімнің ұлғаюына септігін тигізеді.
Әрине, мигранттар үшін ең басты қауіп – құлдық шырмауына түсіп қалуы мүмкін. Адам саудасымен айланысатын қылмыстық топ құрбаны болып жатқандар бар. Сондықтан шетелге баруға бел буған әр қазақстандыққа еңбек мигранттарының құқығы қатаң қорғалатын елдерді таңдауға кеңес беремін. Шетелдіктермен қарым-қатынасы түзу емес, ксенофобия, расизм жайлаған мемлекетті таңдамаңыздар. Өйткені азаматтық тегіне, ұлтына байланысты кемсітуге тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупі зор.
Өзі жұмыс істегісі келетін мемлкеттің заңнамаларын, еңбек мигранттары құқығы мен оларға қойылатын талап-міндетті зерттеп алу керек. Құқығын қорғау үшін қайда жолығуы қажет, қай мемлекеттік органдар көмектеседі? Осы сұрақтардың жауабын нақтылап алған жөн. Егер құқығы болса, жедел хабарласу үшін еңбек ететін елдегі Қазақстан консульдігінің телефон нөмірлерін жазып алған дұрыс», – деді Халида Әжіғұлова.
фото: ЖИ-генератор
Оқыңыз:
Қазақстанда адам саудасына қарсы күресте ведомстволар әлі қауқарсыз

