Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жалақы рейтінгінде бірқатар сала бойынша көшбасшы болудан қалды. Бұл жөнінде Бірінші кредиттік бюроның жаңа есебінде айтылған.
Бір жыл бұрын Қазақстан ЕАЭО елдері арасындағы 19 саланың алтауында орташа жалақы көрсеткіші бойынша бірінші орынды иеленген. Олардың қатарында тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау салалары, қонақүй мен тамақтану қызметі, әкімшілік және қосымша қызмет бар.
Алайда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан көшбасшы мәртебесін тау-кен өнеркәсібінде ғана сақтап қалды. Бұл салада қазақстандық жұмысшылардың орташа жалақысы 1831 долларды құрады. Қалған төрт секторда ел екінші орынға сырғыса, құрылыс саласында Ресей мен Беларусьтан кейін үшінші орынға түсті.
Бірінші кредиттік бюро мамандарының айтуынша, жалақы көрсеткіштері доллармен есептелетіндіктен, елдегі жағдайға ұлттық валюта бағамының құбылуы елеулі әсер еткен. Ал құрылыс саласында орташа жалақы инфляцияға түзету жасалмағанның өзінде айтарлықтай төмендеген.
2025 жылы ел бойынша орташа номиналды жалақы 423,1 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға жоғары. Ең жоғары жалақы Атырау (634,2 мың тг), Маңғыстау (621,3 мың тг) және Ұлытау (599 мың тг) облыстарында тіркелді, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (300,1 мың тг), Жетісу (308,4 мың тг) және Жамбыл (308,9 мың тг) облыстарына тиесілі.
Экономист Нұрсұлтан Ерболатұлы бұл өзгерістің себебін түсіндірді.
– Қазақстанның ЕАЭО-ның жалақы рейтингінде алдыңғы орнынан айырылуына қандай факторлар әсер етті?
Бірінші себеп – инвестиция көлемінің төмендеуі. Соңғы жылдары тау-кен, мұнай-газ сияқты салаларға бұрынғыдай ірі инвестициялар тартылмайды. Инвестиция азайған соң жаңа жұмыс орындары ашылмайды, жалақы да баяу өседі.
Екінші маңызды фактор – ұлттық валютаның әлсіреуі. ЕАЭО елдеріндегі жалақы көрсеткіштері доллармен есептеледі. Қазақстанда биылғы жылдың басында доллар бағамы 525-528 теңге болса, қазір шамамен 550 теңгеге жетті. Айырбас бағамының өзгеруі статистикада жалақының төмендеуіне әсер етеді.
– Құрылыс саласында жалақының төмендеуін қалай түсіндіруге болады?
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елде 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс көлемі артса да, құрылыс саласында жалақының төмендеуі байқалады.
Бұның себебі – арзан жұмыс күшінің көптеп тартылуы. Соңғы кездері Орталық Азияның көршілес елдерінен келген мигранттар құрылыс нарығына белсенді қатысып жатыр. Ресейде соңғы төрт жылда шетелдік жұмысшылардың саны екі есеге қысқарған соң, олардың біразы Қазақстанға келді. Бұл миграция арзан жұмыс күшінің көбеюіне, сәйкесінше орташа жалақының төмендеуіне әсер етеді.
– Қазақстанның тау-кен саласындағы алдыңғы орнын сақтап қалғаны немен байланысты?
Тау-кен өнеркәсібіндегі жоғары жалақыны шикізат экспортымен түсіндіруге болады. Қазақстан мұнай, металл сияқты шикізатты экспорттаудан айтарлықтай табыс табады. Мысалы қазақстандық мұнай Ресеймен салыстырғанда қымбатырақ сатылуы мүмкін. Осы фактордың арқасында тау-кен саласының жұмысшыларының табысы әлі де ең жоғары деңгейде қалып отыр.
– Бұл үрдіс қазақстандық жұмысшылардың өмір сапасына және еңбек миграциясына әсер етуі мүмкін бе?
Жалақы деңгейі инфляциямен тікелей байланысты. Егер жалақы өсіп, инфляция қарқыны сол күйінде қалса, азаматтардың нақты табысы азаяды. Қазірдің өзінде Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде инфляция бойынша 12,2%-бен бірінші орында тұр.
Бұл жағдай халықтың өмір сүру сапасына теріс ықпал етеді: күнделікті қолданыстағы тауарлар қымбаттап, тұрғындардың сатып алу қабілеттілігі төмендейді. Нәтижесінде, қазақстандық жұмысшылардың бір бөлігі жоғары жалақы табу үшін шетелге көшуге ұмтылуы мүмкін.
– Қазақстан рейтингтегі көрсеткішін қайтару үшін қандай қадамдар жасауы керек?
Ең алдымен елдегі инфляцияны төмендетуге күш салу керек. Егер баға тұрақталса, жалақы өсімі халықтың нақты табысына оң әсерін тигізеді.
Екінші мәселе – ұлттық валютаның тұрақтылығы. Теңгенің әлсіреуі біздің халықаралық рейтингтердегі орнымызды төмендетеді.
Бұдан бөлек, тауар экспортын ұлғайту және шетелден келетін тікелей инвестицияны арттыру аса маңызды. Экономикаға инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, бәсекелі жалақы қалыптасады.
ОҚЫҢЫЗ:
Қазақстанның инвесткартасы: БҚО-да инвестиция салымы 30%-ға азайды
фото: istockphoto.com

