2025 жылдың қаңтар-шілде айлары бойынша Қазақстан экономикасына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. Бірақ әр өңірдің жағдайы әртүрлі: бір облыста сыртқы инвесторлар белсенді болса, енді бірінде инвестпортфель ішкі қаражат есебінен толыққан.

Мегаполистер алдыңғы орындарда
Астана қаласы – нағыз инвестиция магниті. Қазандыққа 1,17 трлн теңге құйылған. Қаладағы құрылыс, инфрақұрылым мен бизнес жобалар инвесторларды өзіне тартып отыр.
Алматы қаласы да артта қалмайды – 1,08 трлн теңге. Бұл жерде қаржы, сауда, қызмет көрсету салалары алға шығып отыр.
Атырау мен Маңғыстау облыстары дәстүрлі түрде мұнай-газ саласының арқасында алдыңғы қатарда.
БҚО – қызыл аймақта
Батыс Қазақстан облысы биылғы көрсеткіш бойынша «қызыл аймақта». Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция 30%-ға жуық азайып, бар болғаны 320 млрд теңге құйылған.
Ақмола облысы да төмен көрсеткіш көрсетті – 92,8% деңгейінде, яғни азайған.

Шетелдік инвесторлар қайда көбірек келеді?
Бұл тұрғыда Батыс Қазақстан облысы – нағыз рекордшы. Инвестицияның 52,9%-ы шетелдіктерден келген. Бұл өңірдің мұнай-газ жобалары халықаралық компаниялар үшін әлі де тартымды екенін көрсетеді.
Ал Жетісу, СҚО, Астана секілді аймақтарда шетелдік үлес тым аз – бар болғаны 5-7%. Негізінен ішкі қаржыға сүйеніп отыр.
Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстарында шетелдік инвестиция үлесі 20–25% шамасында, яғни тепе-теңдік бар деуге болады.

БҚО-да қай салалар басым бағытта?
Инвестицияның ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде өнеркәсіп пен көлік-логистикаға салынған. Мысалы:
Өнеркәсіпке – 167,9 млрд теңге,
Көлік пен қоймалауға – 54,3 млрд теңге,
Жылжымайтын мүлікке – 42,2 млрд теңге.
Білім беру, денсаулық сақтау, ойын-сауық пен өнер салаларына қаражат салынып жатқаны қуантады. Бұл – экономиканың біртіндеп әртараптанып келе жатқанын білдіреді.
Нені байқауға болады?
- Ішкі инвестиция басты рөлде: Қазақстандағы барлық жобалардың 80–90%-ын жергілікті қаржы көтеріп отыр.
- Сыртқы қаржы аймақтарға әркелкі бөлінген: мұнайлы облыстарда көбірек, аграрлы өңірлерде өте аз.
- Өсу мен құлдырау қатар жүріп жатыр: Астана мен Алматы рекорд орнатып жатса, БҚО мен Ақмола керісінше төмендеген.
Қазақстандағы инвестиция картасы – ел экономикасының қайда бет алғанын айқын көрсетеді. Бір өңір жаңа зауыттар мен жолдар салып жатса, екіншісі шетелдік капиталды тартуда. Қазақстанға инвестиция көбірек ағылуы үшін инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы тұрақты ұстау, кәсіпкерлерге қолдау көрсету – сыртқы да, ішкі де инвесторлар үшін шешуші фактор болмақ.

