Иранның ядролық бағдарламасына қатысты санкцияларды қалпына келтіруге ұмтылған Еуропалық үштіктегі (Ұлыбритания, Германия және Франция) Иран елшілері елге қайтарылды. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
2015 жылы Иран ядролық бағдарламасы бойынша Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары қабылданды. Келісім нәтижесінде
Иран өзінің ядролық бағдарламасына шектеу қойып, халықаралық санкциялардан босатылды.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп аталмыш келісімнен бас тартып, Иранға қатысты жаңа санкциялар енгізді. Осыдан кейін Тегеран келісім талаптарын біртіндеп бұза бастады.
2025 жылдың 26 қыркүйегінде Ресей мен Қытай Біріккен ұлттар ұйымына Иранға қатысты санкцияларды тоқтатуды көздейтін қарар ұсынды. БҰҰ Мәскеу мен Бейжіңнің бұл ұсынысына қолдау көрсеткен жоқ.
2025 жылдың тамызында Еуропалық үштік Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізу процесін (Snapback) бастаған болатын. Бұл шешім Тегеранның уранды жоғары деңгейде байытуын жалғастырып жатқанына байланысты қабылданды.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің дерегінше, 2018 жылдан бері Иран уран өндірісін 60%-ға дейін арттырған – бұл бейбіт атом энергетикасы үшін қажет 3,67%-дан әлдеқайда жоғары. Тегеран өз кезегінде ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатқа бағытталғанын мәлімдеп отыр.
Ресей мен Қытайдың ұстанымы
Мәскеу мен Бейжің Еуропаның санкцияларды қалпына келтіру әрекетін халықаралық құқыққа қайшы деп санайды.
Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Иранға қарсы шектеулерді ұзартуға еш негіз жоқ екенін айтып, санкцияларды толық жою ғана «дұрыс әрі баламасыз шешім» екенін мәлімдеді.
фото: reutersconnect.com

