БҚО-да мемлекеттік сатып алу кезінде болат құбырларды жеткізуге қатысты бәсекелестікке қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Бұл жөнінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Қостанай облысының департаментімен бірлесіп, «Құрылысинвест НС» ЖШС мен өзге де кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болат құбырларды жеткізуге байланысты мемлекеттік сатып алуларда бәсекелестікке қарсы келісімдер жасау деректері бойынша тергеп-тексеру жүргізді. Нәтижесінде «Құрылысинвест НС» ЖШС-нің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілері анықталды», – делінген хабарламада.
«Құрылысинвест НС» ЖШС-на қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Компания бұл шешіммен келіспей, сотқа шағымданды.
Сот талқылауының нәтижесінде «Құрылысинвест НС» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 17 180 690 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ монополиялық табысты тәркілеу түріндегі жаза қолданылды.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, осыған дейін Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты «СНПС Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамын бәсекелестік туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыпты деп таныды. Компанияға 37 млн теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-на 1,42 млрд теңге айыппұл салынатынын жазған едік. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-на артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды.
Оған қоса Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастаған. Себебі әуе керосиннің көтерме және бөлшек сауда нарығына жүргізген талдау нәтижесінде отын құнының негізсіз өсуі анықталды.
Фото: Pexels.com

