Ресей Федерациясынан Қазақстанға бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деп күдікке ілінген азамат экстрадицияланды. Белгілі болғаны, Бас прокуратура сұрау салған.
Тергеу барысында аталған тұлға құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2020-2022 жылдары адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған шарттар жасасқан. Аффилирленген компаниялар арқылы ақша қаражатын аудару жолымен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Қаржы Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Осы жылдың ақпан айында ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша экстрадициялау туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ал қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар осы жылдың мамыр айында әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Қылмыстық заңмен айыпталған әрекетті жасағаны үшін күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп хабарлады прокуратура.
Бұған дейін Түркістан облысында 44 бухгалтер білім бөлімі қаражатын жымқырғанын жазған едік. Қылмыстық істің негізгі фигуранттары – бөлім басшылары және бухгалтерлер.
Сондай-ақ БҚО-да жол құрылысына жауапты бөлім басшысы 56 миллион теңге жымқырды. Сырым аудандық соты қаржы жымқырған ТКШ басшысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Ал «Шымкент жастар театры» басшылығы мен бірқатар лауазымды тұлға бюджеттен бөлінген 136 миллион теңгені талан-таражға салған.
Фото: Freepik.com

