Батыс Қазақстан облысы тұрғындары ай сайынғы табысының 53,8%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының есебінде айтылды.

Табыстың қалған 20,8%-ы киім-кешек, техника және тұрмыстық химия секілді азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 17,6%-ы ақылы қызметтерге кетеді. Бұдан бөлек, тұрғындар кірістерінің 7,1%-ын несие мен қарыздарын өтеуге, 0,6%-ын алимент төлеу немесе жақындарына материалдық көмек көрсетуге, ал 0,1%-ын салықтар мен өзге де міндетті төлемдерге жұмсайды.
Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жағдай БҚО-ға ұқсас. Мәселен, Жетісу және Ұлытау облыстарының тұрғындары айлық табысының шамамен 60%-ын азық-түлікке жояды. Алимент төлеу мен туыстарына материалдық көмек көрсету бойынша Қарағанды облысы 5,3%-бен алдыңғы орында тұр. Ал Ұлытау облысында халық табысының қалған 19%-ын несие мен қарыздарын өтеуге жұмсайтыны анықталды.
Батыс қазақстандықтардың табыс көздеріне тоқталсақ, халықтың 69,3%-ы жалдамалы жұмыстан түскен жалақыға өмір сүреді. Тұрғындардың 6,6%-ы өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зейнеткерлер мен жәрдемақы алатындар үлесі сәйкесінше 3,5%және 16,6%-ды құрайды. Кірістердің қалған бөлігі стипендия, алимент және меншіктен түскен табысқа тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың алғашқы үш айында БҚО-да жалақы индексі 5,2%-ға төмендеді.
2020 жылдан бері қазақстандықтар табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсап келеді. Экономикадағы Энгель заңы бойынша, егер халықтың табысының жартысынан көбі тамаққа жұмсалса, бұл елдегі кедейліктің және өмір сүру деңгейінің төмендігінің белгісі саналады.
фото: freepik.com

