Қазақстанда жыл басынан бері кәмелетке толмаған балаларды сату бойынша 19 іс тіркелген. Адам саудасына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева жаңа туған сәбилердің саудасы туралы мәлімдеді.
Белгілі болғаны, жаңа туған сәбилерді сату деректері елдің барлық өңірінде анықталып отыр. Аталған қылмыстарға делдалдар да қатысады.
Оның айтуынша, бір жағынан бала асырап ала алмайтын ата-аналар болса, екінші жағынан өз баласынан бас тартқысы келетіндер бар. Біреудің бала асырауға мүмкіндігі жоқ, ал біреу баласынан бас тартқысы келеді. Кейде жас қыздар жүкті болуды жоспарламағандықтан, материалдық жағдайына байланысты дәл осындай қылмыстарға барады.
Шынар Көшербаева бір баланың орташа бағасы 500 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін екенін айтты. Балаларды сатып алушы да, сатушы да жауапқа тартылады.
Қазақстанда жылына адам саудасына қатысты жүздеген қылмыс жасалады. 2024 жылы «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңға қол қойылып, күздің басында күшіне енді. Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты.
Үкіметтік емес ұйымдар жариялаған статистикалық деректерге қарасақ, өңірлер бойынша адам саудасына қатысты 2019 жылы – 120, 2020 жылы – 141, 2021 жылы – 200, 2022 жылы – 193, 2023 жылы – 120-дан астам қылмыс тіркелген. Соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Теміртау, Ақтөбе қалалары көш бастап тұр. БҰҰ мәліметіне сәйкес, дүниежүзінде жыл сайын 25 млн тұрғын адам саудасының құрбаны болады.
Еске салайық, сондай-ақ Қазақстанда адам саудасына қарсы күресте ведомстволар әлі қауқарсыз екенін жазған едік. Әлемдік заманауи құлдық индексінде Қазақстан 2018 жылы 189 елдің ішінен 86-орынға тұрақтаған. Сол жылы елімізде заманауи құлдықта жүрген 75 адам туралы мәлімет белгілі болыпты.
Жақында Оралдағы перзентханада ұрланған қыз 25 жылдан кейін әке-шешесімен қауышты. Осы іс бойынша тергеу басталғанын БҚО полиция департаменті растады. Үш күдіктіге қатысты іс қозғалды.
Фото: Freepik.com

