Денсаулық сақтау министрлігі стоматологиялық қызметтерге (тісті протездеу, имплантациялау) біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану жөніндегі норманы алып тастауға қатысты бұйрық жобасын дайындады. Себебі зейнетақы жинағын мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталып отыр.
Министрлік «Ашық НҚА» порталында бұйрық жобасын жариялап, қоғамдық талқылауға шығарды. Талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Құжатқа сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтер қайта қаралады.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдеуге аудару тоқтатылғанын жаздық.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын айтты.
2024 жылы 172 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілген. Жалпы бағдарлама жүзеге асқан 2021 жылдан бері 642 млрд теңге тіс емдеуге жұмсалған.
Фото: Pixabay.com

