Тамыз айында «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасына 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс іздеушілер 138,5 мың түйіндеме орналастырған. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 128,9%-ға (+135 мың) артып отыр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жұмыс берушілер қай сала мамандарын жиі іздейді?
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі келесі салаларға тиесілі:
- білім беру – 120,7 мың;
- ақпарат және байланыс – 17,4 мың;
- өңдеу өнеркәсібі – 15 мың;
- басқа да қызмет көрсету түрлері – 17,1 мың.
Бұл төрт сала тамыз айындағы жалпы сұраныстың 70%-дан астамын құрады. Айтып өтейік, білім беру саласындағы әр бесінші бос жұмыс орны (18,5%) Астана және Алматы қалаларына тиесілі.
Жоғары білікті кадрларға сұраныс басым. Бұл санатқа 124,1 мың бос жұмыс орны бар. Мұндай бос жұмыс орындарының үштен екісі (81,6 мың) білім беру және тәрбие саласындағы мамандарға тиесілі. Орта білікті мамандарға сұраныс – 31% (75,2 мың), ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 17% (40,4 мың).
Қай өңірлерде бос жұмыс орындарының өсімі жоғары?
Бос жұмыс орындарының ең үлкен өсімі келесі өңірлерде тіркелді.
- Алматы облысы – +387,5% (20,3 мыңға дейін);
- Жамбыл облысы – +377,4% (15,9 мыңға дейін);
- Батыс Қазақстан облысы – +242,4% (12,3 мыңға дейін);
- Ақтөбе облысы – +198,4% (14,1 мыңға дейін);
- Жетісу облысы – +182,7% (5,8 мыңға дейін).
PR-менеджерлеріне сұраныс көп
Кәсіптер бойынша ең көп сұранысқа ие мамандықтар – PR-менеджерлер (16,3 мың бос орын), математика пәнінің мұғалімдері (7,6 мың) және тәрбиешілер (6,1 мың) болды. Орта білікті мамандар арасында – тәрбиеші көмекшілері (4,4 мың), күзетшілер (2,7 мың) және автокөлік жүргізушілері (2,6 мың) сұранысқа ие.
Қандай маман иелеріне жоғары жалақы ұсынылады?
Ең жоғары жалақы күткен кандидаттар – техникалық директорлар (орташа 1,2 млн теңге), ұшқыштар (1,2 млн тг) және коммерциялық директорлар (1,1 млн тг). Бұл ретте тамыз айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы – кен өндіру саласындағы цех басшысы (шамамен 843,8 мың теңге), энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары (733 мың теңге) және IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы (718 мың теңге) лауазымдарына тиесілі.
– 2025 жылғы тамызда электрондық еңбек биржасы алаңында түйіндемелер санының қалыпты төмендеуімен жоғары білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың өскені байқалды. Бұл өсім жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру саласында орын алған маусымдық факторлармен, атап айтқанда, мұғалімдер (соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері), тәрбиешілер және олардың көмекшілері бойынша бос орындардың жаппай жариялануымен байланысты болды, — деп хабарлады министрлік.
Еске салсақ, осыған дейін Батыс Қазақстан облысы 2025 жылдың алғашқы үш айында жалақы өсімі өте төмен аймақтардың көшін бастағанын жазған едік. Есепке сәйкес, өңірде жалақы индексі 5,2%-ға төмендеген.
Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеруді талап ететін петиция жарияланды. 2025 жылы елімізде ең төменгі жалақы мөлшерлемесі 85 000 теңге болып бекітілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері өзгеріссіз қалды.
Фото: Freepik.com

