Threads әлеуметтік желісінде «Bettercallnurlan» атты аккаунт иесі Орал қаласындағы «Гаухар» жатақханасының кіреберісінде түсірілген фотоларды жариялады. Кадрларда Абай көшесіндегі үйдің ішіндегі сұрықсыз көріністі байқауға болады. Қабырғалардың бояуы қопарылып, сылағы үгітіліп түскен. Шатырдың бір бөлігі құлап, төбеден тамшы тамғаны байқалады.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы деректерге сәйкес 2025 жылы аталмыш үйдің фасадына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған шамамен 23 миллион теңге бөлінген. Қасбетті әрлеуге қыруар қаражат жұмсалғанына қарамастан, ғимараттың ішкі жағдайы өзгеріссіз қалды.
Sarapshy.info тілшісі аталмыш жағдайға байланысты қала әкімдігіне сауал жолдады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нысанның қасбеті жергілікті бюджет есебінен жөнделгенімен, үйдің өзі ТКШ бөлімінің теңгеріміне кірмейді.
Заң бойынша көпқабатты үйдің кіреберістері, дәліздері, баспалдақ алаңдары мен шатырларын күтіп-ұстау тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізілуге тиіс.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 32-бабына сәйкес, меншік иелері ортақ мүлікті жөндеу мен күтуді өздері ұйымдастыруға міндетті. Ол үшін пәтер иелері жиналыс өткізіп, ортақ шешім қабылдауы қажет», — делінген әкімдіктің жауабында.
«Тұрғындардың қарызы 10 млн теңгеге жетті»
Үй жекеменшік «Шаңырақ» пәтер иелері кооперативінің қарамағында. Оның иесі Салтанат Аманғалиева жатақханаға қатысты мәселе ұзақ жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқанын айтады.
«Бұл үйдің жағдайы 20 жылдан бері сол қалпында тұр. Тұрғындардың бір бөлігі бірнеше рет ұжымдық арыз жазды, бірақ бұдан да еш нәтиже болмады.
Жатақханада тұратын 260 отбасының 240-ы пәтерін жалға алып отыр. Әр пәтердің коммуналдық төлемдері ай сайын 1200-1400 теңгеге шығады, бірақ оны төлеуге ешкім асығып жатқан жоқ. Қазір тұрғындардың қарызы 10 млн теңгеге жетті.
Биыл әкімдік жатақхананың фасадын жөндеуге кірісті, бірақ одан көрі сынып жатқан шатырды дұрыстағандары жөң еді», – деді ол.
Жатақханадағы қиындық тек санитарлық мәселелерге ғана емес, тұрмыстық түйткілдерге де әкеліп отыр. ПИК иесінің айтуынша, көршілербір-бірімен жиі жанжалдасатын көрінеді.
Қазір Орал қаласында кеңес дәуірінен қалған 20-ға жуық жатақхана бар, олардың басым бөлігі жөндеуді талап етеді.
фото: @bettercallnurlan/Threads

