Жамбыл облысында екі жасөспірім адам өлтірді деген айыппен ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 16 және 17 жастағы екі күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Естеріңізге сала кетейік, Таразда жаңа оқу жылының алғашқы күні 14 жастағы бала қатарластарының қолынан қаза тапты.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») және 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Білім бөлімі оқиға мектептен тыс жерде болғанын, ал жасөспірімдер бір-бірімен бұрын таныс болмағанын хабарлады.
фото: istockphoto.com

