Қазір Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежай жұмыс істейді. Оның оны – мемлекеттік әуежай. Ішінде Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей, Балқаш әуежайлары бар. Сондай-ақ бес қаладағы әуежай – жеке меншікте. Бұл әуежайлар қатарына Алматы, Орал, Тараз, Қарағанды, Жезқазған әуежайлары кіреді. Ал Ақтау, Шымкент, Астана, Петропавл, Көкшетау қалаларындағы әуежайлар сенімгерлік басқаруға берілген. Бұл жөнінде Көлік министрлігі Sarapshy.info порталына хабарлады.
Көлік министрлігінің дерегіне сүйенсек, Алматы (Tav Airports Holding), Орал («Орал әуежай холдинг» ЖШС), Тараз («SCAT» АҚ), Қарағанды («Sky service» ЖШС), Жезқазған («Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС), Ақтау (ATM Group), Шымкент («SCAT» АҚ), Астана (Terminals Holding), Петропавл («Қызыл-Жар» ЖШС) және Көкшетау (Тerminals Holding) қалаларының әуежайларында тартылған мемлекеттік және шетелдік инвестициялар есебінен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады.
2024 жылы ел әуежайларында 29 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетілген. Оның ішінде ең көп көрсеткіш Алматы (11,2 млн), Астана (8,3 млн), Шымкент (2,2 млн) қалаларының әуежайларында тіркелді. Осы жылдың бірінші жартысында қызмет көрсетілген жолаушылар саны шамамен 15,09 миллионды құрайды.
Министрлік ел әуежайларының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Биыл 12 мамырда Әбу-Даби тақ мұрагерінің іс-сапары аясында ҚР үкіметі мен «Terminals Astana Airport Limited» ЖШС арасында әуежайды кешенді дамытуды көздейтін «Астана қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайын және оған іргелес аумақты дамыту» жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Жоба шеңберіндегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,1 млрд АҚШ долларын құрайды.
Алматы қаласы әуежайын дамытудың 2050 жылға дейінгі бас жоспарын іске асыру шеңберінде TAV Holding әуежайдың инфрақұрылымын жаңғырту үшін 183 млрд теңге (362 млн АҚШ доллары) тартуды жоспарлап отыр. Бағдарлама бес кезеңнен тұрады, оның біріншісі осы жылы басталды, 2028 жылдың соңына дейін аяқталады», — делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар 2024 жылы Шымкент қаласында жаңа жолаушылар терминалының ашылуы өтті. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан алты миллион жолаушыға дейін өскен.
«Әуежайларды басқару тәжірибесі бар жеке инвесторларды белсенді тарту авиация саласының дамуын және өңірлердің экономикалық өсуін ынталандырады. Мысалы, өткен жылы инвесторлар Алматы, Қызылорда, Шымкент қалалары әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарын пайдалануға берді. Аталған инфрақұрылымдық жобалар ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес келтіріле отырып, жалпы сомасы 150 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар есебінен іске асырылды. Бұл ұшу қауіпсіздігі мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеде әуежайларды басқаруды шетелдік инвесторларға беру кең таралған тәжірибе саналады», — делінген хабарламада.
Көлік министрлігі шетелдердегі әуежайларды басқарудан мысал келтіріпті. Үндістанның GMR Group трансұлттық конгломераты төрт елдегі тоғыз әуежайды, ал Францияның Egis компаниясы сегіз елдегі 14 әуежайды басқарады. Тағы бір франциялық Vinci әуежайлары 12 елдегі 65 әуежайды басқарады.
Министрлік халықаралық авиациялық хабтарды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар еліміздің негізгі әуежайларын заманауи мультимодальды орталықтарға кешенді трансформациялауға бағытталғанын мәлімдеді. Бұл жобаларды іске асыру әуежайларда өткізу қабілетін арттыруға, жүктерді өңдеу және ресімдеу жұмысын жеңілдетуге, инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға және жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялауға ықпал етеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда әуежайларды сатып алған компаниялардың ресейлік инвесторларға қатысы бар екенін жазған едік.
2024 жылы Атырау әуежайын катарлық инвестор сатып алды. Батыс Қазақстандағы Орал әуежайында ресейлік компанияның үлесі бар. Ал өткен жылы Қазақстанның орталығындағы Қарағанды әуежайын миллиардер Тимур Турлов сатып алды. Ол – бұрынғы Ресей азаматы.
Фото: Freepik.com

