Президент Қасым-ЖомартТоқаев халыққа жолдауында сенатты таратып, бір палаталы үкімет құруды ұсынды. Бұл реформаға дайындалуға бір жыл бар, сайлау 2027 жылы өтеді деп жоспарланып отыр.
Ал 2028 жылы Мәжіліс мүлде жаңа ережелер бойынша қалыптасуы мүмкін. Сайлау кезіндегі пропорционалды жүйе дегеніміз – жеке кандидаттарға емес, партияларға дауыс бер. Дегенмен, партиялар қатысушылар тізімін кейін өз қалауынша өзгертпеуі үшін белгілі бір шектеулер енгізу қажет деп санаймын. Әйтпесе, тәжірибе көрсеткендей, кейбір партиялар өз құрамына әншілерді жинай салуы мүмкін.
Әр партия қанша дауыс алса, жаңа парламентте сонша мандатқа ие болады. Әрине, бұл жерде дауыс санауда қолданылатын формула да үлкен маңызға ие.
Егер бекітілген формула тым «жұмсақ» болып, шекті межесі төмен болса, парламентке ұсақ немесе жаңа партиялардың көбірек енуіне жол ашылады. Бұл түрлі коалициялардың пайда болуына әкеліп, басым партияның салмағын азайтады.
Сайлаушылар жеке тұлғаларға емес, партиялардың бағдарламаларына көбірек назар аударуы ықтимал. Яғни саяси платформалар бәсекеге түскен сайын партиялардың рөлі күшейіп, саяси жүйеде поляризация арта түседі. Енді «бейтараптылықты» сақтау қиынға соғады.
Депутаттар пен халық арасындағы «тікелей байланыс» мәселесі туындайды, себебі енді әр округтің «өз» депутаты сайлана алмайды. Мұнда өңірлердегі азаматтармен тікелей байланысын сақтаған немесе құра білген партиялар артықшылыққа ие болады.
Егер саяси сахнаға жаңа партиялар шыға алса, бірпалаталы парламенттің қабылдануы ел үшін жақсы жаңалық болмақ.
Сабина Садиева
фото: parlam.kz

