1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше басшылар кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Президенттің айтуынша, қазақ пен қытайдың ғасырлардан жалғасқан достығы өзара сенімге, қолдауға және түсіністікке негізделген.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтті. Қазір ұйымға 10 ел кіреді: олардың ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Пәкістан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Иран және Беларусь бар.
Ресей-Үндістан келіссөздері
Әлемдік БАҚ-тардың назары Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесу кезіндегі әңгімесіне түсті. BBC дерегінше, Моди мен Путин екіжақты пайдалы ақпарат алмасып, болашақ ынтымақтастық жоспарларын талқылаған. Кейін Үндістанның премьер-министрі X әлеуметтік желісінде «Путинді көруге әрдайым қуаныштымын!» деген жазба қалдырды.

Тоқаев не ұсынды?
Саммит кезінде Тоқаев Қазақстандағы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жанынан инвестициялық жобаларды қолдау офисін құруды ұсынды. Аталмыш жоба қабылданса, қаржыландыруды ШЫҰ өз мойнына алады.
Сонымен қатар, Қазақстан басшысы өз сөзінде құрғақшылық, шөлейттену және мұздықтардың еруі сияқты сын-қатерлер бірлескен шешімдерді талап ететінін атап өтіп, Қазақстанда ШЫҰ Су проблемаларын зерттеу орталығын ашу туралы ой салды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндеұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл бағдарламасы және энергетикалық ынтымақтастық стратегиясының «жол картасы» бар.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтың пікірінше, бұл жолғы саммит ұйымның институционалдық негізін нығайтуға бағытталған.
«Бұл жолы кездесу кезінде аса ірі серпілістер болмаса да, саммиттің басты мақсаты – ұйымның ұстанымдарын бекітіп, негізгі қағидаттарды растау.
ШЫҰ-ның бейтарап сипатта қызмет атқарса да, әлем саясатына елеулі үлес қосып отыр. Мұны әсіресе Ресей, Үндістан және Қытай арасындағы ынтымақтастық айқын көрсетеді. Аталмыш үш елдің келіссөздері АҚШ-тың экономикалық қысымына қарсы тепе-теңдік тудырып отыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы бізге ұлттық қауіпсіздігіміз бен шекараларымыздың мызғымастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, саммит кезінде қол қойылған құжаттар легі де маңызды. Қытай қазір әлемдік экономиканың негізгі драйверіне айналып отыр. Сондықтан Қазақстан үшін көрші елдің қарқынды даму мүмкіндіктерін пайдалану өзекті болып тұр», — деді сарапшы.
фото: Xinhua

