БҚО-да «Мектепке жол» акциясы аясында бюджеттен 433,5 млн теңге бөлінген. Бірақ бұл қаражат былтырғы көрсеткіштен аз. Бұл жөнінде БҚО білім басқармасы хабарлады.
Бұған 2024 жылы болған төтенше жағдай әсер етті дейді. Себебі төтенше жағдайдан зардап шеккендерге бөлінген қаржылай көмек көлемі көбейген.
«2024 жылы төтенше жағдай салдарынан көмек алушылардың санының көп болуына байланысты, 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда бюджеттік қаражат 33,6 млн теңгеге кем қарастырылған», — деп жауап берді Sarapshy.info сауалына аталған басқарма.
Биыл өңірде 9 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіліп отыр.
БҚО білім басқармасының дерегінше, биыл әлеуметтік осал топтағы балаларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінде – 46 228 теңге көлемінде қаржылай көмек берілген.
Бұл үшін облыс бойынша 433,5 млн теңге бөлініп, 21 тамызға дейін оның 379,4 млн теңгесі игерілді.
Демеушілер есебінен 1189 оқушы мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарлары алынды. Акция аясында кәсіпкерлер, жеке қорлар көмектестіп жатыр.
фото: freepik.com

