Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары жыл сайын артып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2015 жылы өңірде 249 көлік апаты тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 697-ге дейін шарықтаған. Яғни он жылда апат саны үш есеге жуық көбейген.

Ең ауыр дерек қаза тапқандарға қатысты. Мәселен, 2018 жылы 58 адам, 2021 жылы 61 адам жол үстінде өмірімен қош айтысқан.
Бұл – бір ғана облыстың ресми дерегі. Кей жылдары апат азайғандай көрінгенімен, соңғы үш жылда өсім қайтадан күрт үдеген.
Статистикаға үңілсек, айыппұл көлемі де жыл сайын еселенуде.

2015 жылы Батыс Қазақстанда көлік иелері төлеген айыппұл көлемі 1,1 млрд теңге болса, 2023 жылы бұл сома 5,7 млрд теңгеге, ал 2024 жылы тіпті 6,2 млрд теңгеге жеткен.
Яғни жол ережесін бұзу да, ол үшін төленетін айыппұл да өсіп келеді.
Бұл жерде мәселе тек қатаң жазада емес, жүргізушілердің мәдениетінде, жол сапасында, бақылау жүйесінде екенін аңғаруға болады.
Жолдардың тарлығы мен сапасы, жүргізушілердің ережені елемеуі, жылдамдықты асыра пайдалану, түнгі уақытта бақылаудың әлсіздігі, жүргізушілердің шаршаңқылығы, алкогольдік ішімдік әсері – осылардың барлығы ресми статистикаға тікелей әсер етіп отыр.
Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғам
Қарапайым арифметикаға сүйенсек, егер апат саны осылай арта берсе, он жылдан кейін көрсеткіш тағы екі есеге ұлғаюы мүмкін. Бұл тек облыстың емес, бүкіл елдің әлеуметтік мәселесіне айналады.
Апаттан кейінгі айыппұл – салдардың шешімі ғана. Сондықтан жол үстіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту керек.
Ол үшін:
- Ақылды бейнекамераларды көбейту;
- Қоғамдық көлікті дамыту арқылы жеке көліктерді азайту;
- Жүргізушілерге психологиялық әрі мәдени дайындықты арттыру;
- Жол полициясының ашық әрі әділ бақылауын қамтамасыз ету қажет.

