Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында жантүршігерлік жол апаты болды. 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында 55 жастағы жүргізуші көлігін басқара алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қаққан.
Қаза тапқандар бар
Апат салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болды. Тағы үш бала жарақат алған. Көлік жүргізушісі ұсталып, қамауға алынды. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның мас күйде болмағаны анықталды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Президент тапсырмасы
Ел президентінің тапсырмасымен шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Абай облысының Үржар ауданына Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы жіберілді. Онда реаниматолог, нейрохирург және травматолог дәрігерлерден құралған медицина бригадасы бар. Қазір үш балаға дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайын ауыр деп бағалады. Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында облыс әкімі орынбасарының үйлестіруімен арнайы топ жұмыс істеп жатыр.
Фото: Freepik.com

