БАҚ-та North Caspian Operating Company N.V. (Қашаған) экологиялық дауда жеңді ме, әлде іс кейінге қалдырылды ма деген ақпараттар айтылып жатыр. Осы жерде біз бір қызық жайтты назардан тыс қалдырып отырмыз.
Экологиялық заңбұзушылық үшін 2023 жылғы наурызда 2,3 трлн теңге айыппұл салынған еді. Наурыз айының соңындағы доллар бағамы – 451,71.
Доллармен есептегенде бұл – 5 миллиард 92 миллион доллар.
Қазір сот шешімі рәсімдеу кезінде кеткен процедуралық қателіктерге байланысты консорциумның пайдасына қабылданды. Енді іс қайта қаралады (қашан болатыны белгісіз).
Алайда егер доллар бағамы, мысалы, 560 болса, бұл сома консорциум үшін 985 миллион долларға азайып, 4 миллиард 107 миллион доллар болады.
Тіпті консорциум айыппұлды толық төлеген күннің өзінде – олар екі жыл ішінде 1 миллиард доллар үнемдеп отыр деген сөз.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев әрдайым өнім бөлу туралы келісімдер мен тұрақтандырылған келісімшарттар мәселесін көтеріп келеді. Күзде Парламент депутаттары ел үшін тиімсіз осы факторды назарға алса екен дейміз.
Қашаған консорциумы Қазақстанның ішкі нарығына мұнай бермейді, отын бағасының төмен болуын қолдамайды (басқа қазақстандық компаниялардан айырмашылығы), олардың табысы – шетел валютасында, себебі өндірілген мұнайдың барлығы дерлік экспортқа кетеді және доллармен сатылады.
Олай болса, оларға неге теңгемен айыппұл салады?!
Заңда мұндай алып компаниялар үшін айыппұлды талап-арыз берілген сәттегі доллар бағамымен белгілеу қисынды болар еді, егер олардың табысы валютамен түссе.
Әйтпесе, сот дауын созу – оларға тікелей қаржылай пайда әкеледі. Тіпті олар девальвацияның «жасырын» бенефициарларына айналады. Сондықтан олардың валюта нарығында кім арқылы және қалай ойнап, айыппұлдан жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған доллар үнемдеп отырғанын да ойлау керек.
Олжас Байділдінов
Сурет: Freepik.com

