Соңғы жиырма бес жыл ішінде Батыс Қазақстан облысы демографиясында айқын тренд байқалады – баяу, бірақ біртіндеп өсіп келе жатқан халық саны. 2000 жылы 605 405 адам болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 694 625 адамға жетті. Яғни 24 жыл ішінде облыс халқы 89 220 адамға немесе 14,7% өскен. Бұл – жылына орта есеппен 3,7 мың адамға көбейіп отыр дегенді білдіреді.
Ұзақмерзімді серпін: өсу мен тежелу арасы
2000-2010 жылдары облыс халқы айтарлықтай өзгермей, 600–610 мың адам көлемінде тоқтап тұрды. 2009 жылғы мәліметке сәйкес, облыстың қайта құрылуына байланысты халық саны уақытша азайып, 600 953 адамға дейін түскен. Алайда 2010 жылдан кейін өсу басталып, 2024 жылға дейін тұрақты жалғасқан.
Бұл үрдіс бір жағынан өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты, екінші жағынан қала халқының өсуін көрсетеді.
Қала мен ауыл: урбанизация беталысы
БҚО бойынша қала халқының үлесі 2014 жылы 49,5% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 56,9%-ға жеткен. Яғни, соңғы он жылда қалада тұратындар үлесі 7,4 пайыздық пунктке артқан. Бұл – Орал қаласының маңына көшу, ауылдан жұмыс іздеп келу, жастардың білім үшін қалада қалуы сияқты факторлармен байланысты.

2025 жылдың 1 шілдесіндегі ресми статистикаға сәйкес:
• Облыс халқы – 696 260 адам
• Қазақстан халқы – 20 387 811 адам
• БҚО үлесі – 3,41%
Бұл – еліміздің халқының әр 30-шы тұрғыны БҚО-да тұрады дегенді білдіреді.
Табиғи өсім: +2 163 адам
Көші-қон айырмасы: -1 891 адам
Жалпы өсім: +272 адам (0,04%)
Яғни, облыстағы демографияны қазіргі таңда тек табиғи өсім «тіреп» тұр, ал көші-қон жағдайы теріс сальдода.
Бөрлі мен Орал — магниттік аймақ
Облыс бойынша бірқатар аудандарда халық саны азайған:
• Ақжайық: -434 адам
• Жәнібек: -154 адам
• Қаратөбе: -140 адам
• Теректі: -135 адам
Керісінше, өсім байқалған аймақтар:
• Орал қаласы: +1 948 адам
• Бөрлі ауданы: +1 150 адам
Мәселенің түп-тамыры неде?
1. Ауыл инфрақұрылымының артта қалуы
Интернет, мектеп, аурухана, жол сапасы – бәрі қаладағыдан әлдеқайда төмен.
2. Экономикалық орталықтың шоғырлануы
Бөрлі мен Орал қаласы секілді аймақтар ғана жұмыс орындарын ұсынып отыр.
3. Ішкі көші-қон және жастар миграциясы
Жастар тек қалаға ғана емес, Алматы, Астана сияқты мегаполистерге де ағылып жатыр.
Басты суреттің авторы: Байтас Исмурзенов

