6 тамыз күні түнгі сағат 00:02-де Зачаганск ауданындағы Жәңгір хан көшесі, 76/6 мекенжайында су құбыры жарылып, 12 мыңға жуық абонент ауыз сусыз қалды.
Апат салдарынан «Қазақ ауыл», «Кең дала», «Жақсы ауыл», «Көктем», «Арман», «Сарытау» шағынаудандары, сондай-ақ «Құс фабрикасы» саяжайы, Медициналық колледж, АвтоХҚКО аудандары мен Жәңгір хан көшесінің бірнеше тұрғын үйлері зардап шекті.
«Батыс су арнасы» кінәларыңызды мойындап, бөшкемен су жіберген екенсіңдер. Осы қателікті жібермеу үшін су магистралінің жолын білетін инженерді немесе жауапты адамды қоспайсыздар ма қасына? Сан мың адамның тіршілігі – от, су, ауа ғой. Жіберген бөшкелеріңе көлігі барлар, үйінде жас адамы барлар жете алады. Жасы 65-70-тен асқан үйде әупірімдеп балаға қарап отырған үлкендер 1,5-2 км жерден қалай барып алады?» — деп жазды фейсбук желісінде Зашаған тұрғыны Үзілдік Елеубайқызы.
Таңертеңнен бастап халыққа ауыз су бөшкелермен жеткізіле бастады. Алайда тұрғындар бұл шешімнің жеткіліксіз екенін айтып, қарттар мен балалы отбасылар үшін қиындық туындағанын айтуда.
«Батыс су арнасы» ЖШС жөндеу жұмысын бастағанын мәлімдеді.
Брифинг кезінде Sarapshy.info агенттігі тілшісінің сұрағына облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй жауап берді:
«Қазіргі кезде Зашағанда «Келешек мектебі» бағдарламасы аясында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Жаңа нысанды салған кезде аудандағы су құбырларында кемшілік пайда болды. Бұл мәселені шешу үшін «Батыс су арнасы» жөндеу жұмысын бастап кетті», — деді ол.
фото: freepik.com

