Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке «Sarapshy.info» сараптамалық ақпарат агенттігі Қазақстанның Батыс аймағындағы сұйытылған газ тапшылығы мәселесі туралы сұрақтар жолдады. Соның бірі төмендегідей:
Батыс Қазақстан облысында 25591 газбен жүретін көлік тіркелген. Бекет саны – 109. Айына берілетін лимит көлемі – 3500 тонна. Атырау облысында газбен жүретін 24 мың көлік тіркелген. Бекет саны – 101. Айына беріліп отырған лимит – 7000-7500 тонна. Көрсеткіштерді салыстыра келе, неліктен лимитті Атыраумен қарағанда БҚО-ға екі есе аз бөлініп отыр?
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің бізге берген жауабы мынадай:
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, Министрлік өз құзыреті шегінде сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі – СМГ) тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа жеткізу бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша тоқсан сайынғы Жеткізу жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) қалыптастыру арқылы реттеуді жүзеге асырады. СМГ жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидалары Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 22 қазандағы №68 бұйрығымен (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілген. Қағидалардың 6-тармағына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ақпараттық жүйе арқылы ұсынады.
Сонымен қатар, Қағидалардың 7-тармағына сәйкес, тұтыну болжамын дайындаған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мынадай мәліметтерді ескереді:
1) өткен күнтізбелік он екі айда сұйытылған мұнай газын нақты тұтыну көлемдері;
2) әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген, мотор отыны ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланатын жеңіл, жүк және жолаушы көлігінің саны және осындай көліктің сұйытылған мұнай газын тұтынуының есептелген көлемдері;
3) әкімшілік-аумақтық бірлікте сұйытылған мұнай газын топтық резервуарлық қондырғылар арқылы және тұрмыстық баллондармен тұтынатын абоненттер саны;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері;
5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан және Тізбеге енгізілген сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Атырау облысының жергілікті атқарушы органының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, облыстың СМГ-ға ай сайынғы қажеттілігі – 9000 тонна, ал Батыс Қазақстан облысы бойынша – 4500 тонна. Өз кезегінде, Министрлік СМГ-ның қолданыстағы өндірістік көлемін және өңірлердің жоғары сұранысын ескере отырып, пропорционалды бөлу негізінде Батыс Қазақстан облысына – шамамен 3500 тонна, Атырау облысына – шамамен 7000 тонна СМГ бөлуді жүзеге асырады.
Әр айдың соңғы 10 күні облыста газ тапшылығы бола тұра, БҚО энергетика басқармасының былтырдан бері қосымша газ бөлуді сұрап аталған министрлікке хат жазып отырғанына қарамастан Батыс Қазақстан облысына жеткілікті көлемде газ берілмей отыр.
ҚР Энергетика министрлігі ай сайынғы лимит жергілікті атқарушы органының ұсынған мәліметтеріне сәйкес бөлініп отыр дейді. Ал БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Энергетика министрлігіне 2024 жылдың соңынан бастап лимитті көбейту туралы хаттар жазып келе жатырмыз» дейді. Сонда газ тапшылығы мәселесін кім шешеді?
Әрі қарай оқи отырыңыз:

