Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысының департаменті бәсеке талабына қайшы әрекетті анықтау мақсатында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен «БҚО радиологиялық сынақ зертханасы» ЖШС-на тергеу жүргізді. Аталған мекемелерден заңбұзушылық анықталды. Аталған әлеуметтік корпорация мен «Құрылыс инвест НС» ЖШС-нан 16 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Әкімдік бөліміне бұзушылықты жөндеу жөнінде нұсқама берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте департамент басшысы Салават Уахитов хабарлады.

Сонымен қатар, автодилер «G Motors Uralsk» көлік сатып алушыларды тек өз сервисінде қызмет алуға міндеттегені туралы ұжымдық шағым қаралды.
Мемлекеттік қолдау талаптарының сақталуы және нарықтағы кедергілерді анықтау мақсатында 14 мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде заңнамаға қайшы жұмыс істеген алты квазимемлекеттік субъектіге тиісті нұсқамалар берілді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО бойынша департаменті 2025 жылдың алғашқы алты айында 6 нарықтық талдау жүргізіп, 130 өтініш бойынша қорытынды шығарған.
Импорт саласындағы аудит барысында Түркиядан жеткізілген, құны 145 млн доллар құрайтын тауарларға берілген 150 сертификаттың 104-і ресми тіркелмегені анықталған.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басында провайдерлерінің көпқабатты үйлерге кіруіне және кабельдік желілерге қосылуына кедергі келтірген “Қазақтелекомға” қатысты тергеу басталды.
фото: freepik.com

