Ақтаудың бірнеше ықшамауданы бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. 13 шілдеден бастап үзілген электр қуаты халықтың төзімін тауысып, 16 шілдеде наразы тұрғындар ереуілге шығып, көлік қозғалысын тоқтатты. “Азаттық радиосының” жазуынша, тұрғындар жергілікті биліктен нақты шешім мен әрекет күтеді.
Ақтаулықтар шілденің аптап ыстығында жарықсыз, сусыз қалғандарын айтып ашуланды. Халық тоңазытқыштағы азық-түлігі бұзылғанын, ал балаларды қараңғы пәтерде қалдыру қауіпті екенін де алға тартты.
“Мұндай аптап ыстықта қаланың жартысының жарықсыз қалуы – жұртқа жасалған қиянат”, – деп пікірін білдірді тұрғындардың бірі.
Жергілікті билік мәселені инженерлік желілердің тозуымен түсіндіреді. Мамандардың айтуынша, электр желілерінің 70%-дан астамы әбден ескірген. Ал шенеуніктер бұл мәселенің бар екенін бұрыннан білсе де, жаңа тұрғын үйлердің құрылысына рұқсат берген.
“Ауа температурасының көтерілуіне байланысты қалада жоғары вольтты электр желілері ажыратылып, соның салдарынан жарық өшіп қалып жатыр, – деп түсініктеме берді Ақтау қалалық энергиямен жабдықтау диспетчерлік қызметінің бас инженері Әтірбек Махамбетов.
Билік тарапынан әлі нақты шешім ұсынылмады. Ал қала тұрғындары жарық мәселесі шешілмейінше наразылықтарын тоқтатпайтынын аңғартты.

