2025 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 505,73 теңгені құрады. Бұл туралы Қазақстанның ұлттық банкі хабарлады.
Банк мәліметі бойынша желтоқсанда Қазақстан қор биржасындағы орташа күн сайынғы сауда көлемі 280 млн доллардан 359 млн долларға дейін өсіп, жалпы сауда көлемі 7,9 млрд долларды құрады. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін, яғни 3,7%-ға нығайған, ал валюта саудасының көлемі жылдық есеппен 15%-ға артып, 63 млрд долларға жеткен.
«Бұған маусымдық импорттық сұраныс пен мерекелер қарсаңында сыртқы келісімшарттар бойынша есеп айырысу әсер етті», — деп жазды экономист-сарапшы Руслан Батыров.
Теңгенің позициясына қатысты ұқсас жағдай 2023 жылы да тіркелген. 3 жыл бұрын ұлттық қордан валютаның жоғары сатылымына және шетелдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылығына байланысты доллар 1,7% құнын жоғалтты.
Айдың екінші жартысында жағдай түбегейлі өзгерді. 15 желтоқсаннан бастап мәмілелер ағыны төл валютаға қарай ойысты.
25-26 желтоқсанда нарықтағы сауда айналымы аса жоғары болды (469-511 млн доллар). Соның нәтижесінде бағам қысқа мерзім ішінде 504-505 теңгеге дейін төмендеп, жыл соңында да осындай көрсеткіш көрсетті.
«Аталған динамика маусымдық факторлар арқылы түсіндіруге болады. Бұған алдымен жаңа жыл алдындағы импорт пен компаниялардың есеп айырысулары, дәстүрлі жыл сайынғы бюджеттік шығыстар, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың желтоқсан айындағы төлемдерге (жалақы, трансферттер, аванс төлемдері) байланысты конвертациялары, сондай-ақ келесі жылдың басындағы салықтар мен бонустарға дайындық ретінде экспорттаушылардың валютаны сатуы ай соңында валюта ұсынысының күрт артуына әкелді», — деп түсіндірді экономист Руслан Батыров.
Айта кетейік, 2025 жылы ұлттық қордан жалпы 8,2 млрд доллар сатылған, ал 2026 жылғы қаңтарда бюджетке трансферттерді конвертациялау үшін 350-450 млн доллар көлемінде валюта сату күтіледі.
фото: istockphoto.com

