Қазақстанда алаяқтардың 1414 нөмірі арқылы SMS жіберуі жиіледі. Соның салдарынан халықты алдап, арбаудың схемасы жалғасып жатыр. Алаяқтардың әрекетіне сеніп, қолындағы барынан айырылғандар қатары көп.
Олардың 1414 нөмірі арқылы хабарламаны қалай жіберіп жатқанын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев түсіндіре алмады.
Министр бұл жағдайда «кибергигиенаны үйрену керек» деп қысқа қайырды.
«Хабарлама келсе де банк, eGov қызметкерлері ешқашан жіберген кодты сұрамайды. Сондықтан киберқауіпсіздікке қатысты курстар бар, тренингтер бар. Кибергигиенаны үйрену керек. Қауіпсіздікті күшейтуге қатысты жұмыстарды да жүргізіп жатырмыз», — дейді министр Мәдиев.
Бұған дейін Ұлттық банк алаяқтар халықтың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне көшкенін хабарлаған еді. Олар өздерін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Азаматтарға қоңырау шалып, мобильді телефондағы SIM-картаның қолдану мерзімі немесе коммуналдық есептеуіш құралдың пайдалану мерзімі аяқталғанын айтады.
Сондай-ақ алаяқтар БЖЗҚ салымшыларына қоңырау соғып, алдауға көшкен. Зейнетақы қоры да ел азаматтарына маңызды ескерту жасады.
Былтыр Қазақстан азаматтарына интернет-алаяқтықтан келген залалдың қаржылай көлемі 10 миллиард теңгеден асып, жаңа рекорд қойылды. Осы ақшаның барлығы дерлік шетел асып кетті деуге болады.
Фото: үкімет

