Оралдық қоғам белсендісі Талғат Қатауов «педофилия» бабымен сотталды. Бұл ақпаратты Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі растады.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 шілде күні сотталушыға 2,5 жыл түрме жазасын кесті. Қатауовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.
2024 жылы Талғат Қатауовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Алғашқы кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 1-бөлігі («Көрінеу он алты жасқа толмаған адамға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау») бойынша іс қозғалған.
«Т. Қатауовқа 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жөнінде сот үкімі шықты. Сот басталғанда оған Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалғаны мәлім болды. Алайда сот процесі өтіп жатқан кезде прокурор 122-бабының 1-бөлігі, яғни он алты жасқа толмаған адамға сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау қылмысы бойынша айып тақты және осы бапқа сай сотталды. Тергеу материалдарын қарағанда оның ісін жеңілдетін және ауырлататын мән-жай анықталмады. Сотта Қатауов өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды талап етті. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Түркістан облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Заманбек Исмаилов.
122-бап. Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау, сол сияқты көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу
- Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау
ҚР Қылмыстық кодексі
Облыстық баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Қатауовтың қылмысы жөнінде Түркістан облысының тұрғындары арыз жазған.
Талғат Тұрсынғалиұлы бұған дейін қоғам белсендісі ретінде танылған. Фейсбук парақшасында өзінен көмек сұраған адамдардың құқығын қорғап, заңгерлік кеңес бергені жөнінде жиі жазды. БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты болған. Одан кейін желіде тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасымын деп таныстырған.
фото: Т. Қатауовтың фейсбук парақшасынан

