ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов елімізде цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты, деп хабарлайды sarapshy.info.
«Цифрлық теңгені енгізуде ауқымды шаруаны қолға алдық. Осы мақсатта халықаралық валюта қоры және дамыған елдердің орталық банктерімен тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатырмыз. Таяуда ғана біздің команда Вашингтонға барып, халықаралық валюта қоры өкілдерімен кездесіп өткізіп, атқарылған жұмыс пен жоспарымызды таныстырдық», — деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.
«Биыл 1 шілдеге дейін цифрлық теңгені енгізудің методикасы бекітеміз. Ал жыл соңына дейін нақты енгізу туралы шешім қабылдайтын боламыз. Аталған шешімді қабылдауда техникалық орындау уақытты талап етеді. Дегенмен жыл аяғына дейін шешімін табады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», — дейді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн екенін былтыр айтқан.
Президент тапсырмасынан соң Ұлттық банк цифрлық валютаның артықшылықтар мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеу үшін «Цифрлық теңге» баяндамасын жариялады. Баяндамада цифрлық валютаның технологиялық және экономикалық сипаты, Ұлттық банктің цифрлық теңгені зерттеу және енгізу тәсілдері, ықтимал әсерлерін алдын ала бағалау және пилоттық жобаның сипаттамасы қамтылған. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны айырбастауға арналмаған. Егер енгізілсе, заңды төлем құралына айналады.