Жетісу облысында субсидия жымқыруға қатысты тергеу жүріп жатыр.
ҚМА мәліметінше, күдікті – ЖШС басшысы. Ол екі жыл бойы жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекет тарапынан сүт өнімдерін қайта өңдеуге бөлінген субсидияны заңсыз түрде ауыл шаруашылығы басқармасынан алып отырған.
«Келтірілген жалпы залал 300 млн теңгеден асты. Шығындарды растау үшін басқармаға жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алу жөніндегі өзара есеп айырысулар туралы жалған құжаттар мен май өндіру бойынша жалған мәліметтер ұсынылған. Сонымен қатар заңсыз алынған 110 млн теңге мөлшеріндегі субсидия күдікті тарапынан құмар ойынға жұмсалған», — деп хабарлады ҚМА.
Сот санкциясымен құны 300 млн-нан астам теңге болатын зауытқа тыйым салынып, күдікті үй қамаққа алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін жазғанымыздай, БҚО-да құмар ойынға бәс тіккен 16 мемлекеттік қызметкер жұмысынан босатылған еді.
«OLIMPBET» компаниясының мәліметі бойынша қала әкімдігінің бір қызметкері 2021 жылғы маусым мен 2025 жылғы қаңтар аралығында жеке шотына 34 миллион теңгеден астам қаржы салған.
Фото: Pixabay.com

