БҚО-да Шаған өзенінде су деңгейі 919 см-ге дейін көтерілген. Су көлемі қауіпті деңгейге (1300 см) жақындаған. Облыс бойынша қар толық еріген. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.
Өңірдегі ең ірі су арнасы Жайық өзенінің 80% суы Ресейде жиналады және Ирикла су қоймасымен реттеледі.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы 10 наурыздан бастап Орынбор облысының Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне 201 м³/с жылдамдықпен су жіберіліп жатқанын мәлімдеді. 2024 жылы Ирикла су қоймасынан секундына 2170 текше метр су жіберілген (ең жоғарғы көрсеткіш).
Биылғы көктемде Жайық арқылы келетін су көлемі 3,2-5,2 млрд текше метр деп болжанып отыр. Бұл 2024 жылғы деңгейден 2-2,5 есе төмен (былтыр 12 млрд текше метрден астам су келген). Орал-Көшім суландыру жүйесіне Жайық өзенінен секундына 17 текше метр су жіберілуде, қойма 46%-ға толған.
Орал қаласы аумағында Жайық өзенінің деңгейі – 253 см болып отыр. Күтілетін ең жоғарғы деңгей – 550-650 см, қауіпті деңгей – 850 см.
Төтенше жағдайлар департаменті биыл су тасқыны бойынша жағдайдың толық бақылауда әрі тұрақты екенін хабарлады. Департаменттің мәліметінше, тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеген.
«Бөрлі, Сырым, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарындағы 50 қауіпті елді мекендегі су тасқыны жағдайын бақылау үшін ТЖД жеке құрамының тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды», — делінген хабарламада.
Сурет: БҚО ТЖД баспасөз қызметі