Жайық өзені жан-жақты зерттелмеуде

Жайық өзенін сақтап қалу әлі күнге өте өзекті. Ресми деректер бойынша 2008-2018 жылдары азот нитриты, темір, фенол, магний көбейгені анықталған. Былтыр экологтар судың ластануы 4-сынып деңгейінде деп баға берді. Су өнеркәсіп қажетілігіне және жер суару үшін қолдануға жарамды. Ал шаруашылық бағытта және ауыз су есебінде пайдалану үшін өзен арнасын тереңдету қажет. Кезінде кемеріне келіп, шалқып ағатын Жайықтың дәурені өтіп, өзен деп ауыз толтырып айтуға дәрежесі төмендеп бара жатқаны ақиқат. Батыс Қазақстан облысының әкімі ұйымдастырған трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мәселесі бойынша өткен жиында біраз күрмеулі мәселе айтылды. Дегенмен сала мамандары бас қосқа кеңесте бір-ақ нәрсе анық байқалды. Әлі күнге өзен экологиясына қатысты сауал көп, бірақ нақты жауап жоқ, есесіне, екіұшты долбар мен құрғақ есеп беру басымдау. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, соңғы жылдары екі жақтан ел үкіметі деңгейінде бірнеше мәрте комиссия отырысы өтті. Бірақ жауапты құрылымдар нақты нәтиже көрсету бірер жылдың еншісінде деп отыр.

 

Биыл да құрғақшылық сақталады

Жиында «Қазгидромет» РММ бас директорының орынбасары Серік Саиров болжам бойынша Ресейдегі Ириклинск қоймасынан 300-900 млн текше метр су келуі мүмкін екенін айтты. Ал негізгі ортакөпжылдық көрсеткіш 1220 текше метр шамасында болуы тиіс. Биыл өзен арнасы суға толады деп күтуге болмайды. Соңғы жылдары қатарынан жалғасып келе жатқан құрғақшылыққа бейім цикл өзгермейді. Ириклинск қоймасына дейінгі қардың қоры ортакөпжылдық мәнінен 10%-ға төмен. БҚО бойынша ауа температурасы наурыз айында қалыпты деңгейде болады. 1921-57 жылдары Жайық өзенінің табиғи ағыны жылдағы орта мөлшері 10 312 млн текше мтер болған. 1991-2021 жылдары ағын көлемі 19%-ға кеміді. Өзеннің тартылуына антропогендік факторлар мен метеориялогиялық және климаттық өзгерістер әсер еткен. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов климаттың құбылуы негізгі фактор деп санайды. Жайық көктемгі су тасқыны арқасында жан сақтап қалып отыр. Яғни, өзен арнасындағы су көлемінің 70%-ы жауын-шашын, қар есебінен толығуда. Одан бөлек Ресей мен Қазақстандағы су қоймаларында орасан көп су мөлшерін жиналады. Бұл бір жағынан су үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан антропогендік фактор салдарынан Каспийге дейін ағатын Жайықтың арнасы мүлдем жіңішкеріп, аптап ыстықта кей бөлігі семіп қалуына әсер етуде.

 

Қанша қаражат қарастырылды?

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов 2021-2023 жылдарға арналған Ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы аясында іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Одан бөлек Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы ауқымында тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мақсатында 2 жоба, су өткізетін құрылыстар бойынша 3 жоба, өзен бассейніндегі су нысандарын жөндеу үшін 6 жоба, орман алқабын қалыпқа келтіретін 3 жоба, биоалуандықты сақтап қалу үшін 2 жоба жүзеге асады. Минситрлік Жайық бассейнін жақсарту мақсатында 2020-2025 жылдар аралығында 98,22 млрд теңге жұмсамақ. Осы қаражат негізінде БҚО-да Жалпақтал және Сексенбай су қоймалары салынады, Камен топтық су құбыры жаңғыртылады. Атырау облысында өзен арнасын тереңдету жұмысы жүргізілуде. Вице-министр кезең-кезеңімен бөлінгелі отырған қаржы мөлшері жағдайға байланысты өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін айтты.

 

«Ғылымға көңіл бөлсеңіз…»

Министрлік өкілі миллиардтаған қаржы бөлінетінін айтқанымен, әлі күнге өзеннің оңалып кетуіне ықпал еткен бірде-бір деректі атамады. Облыстық мәслихат депутаты Әлия Салиева жүйелі жұмысты жылдар еншісіне қалдырмай, «Қам-қарекетті бүгіннен бастап кетелік, қоғам болып жұмылайық!» деген кесімді пікір айтты. Бір ғажабы, аталмыш жиынға Мәжіліс депутаты болған кезде бірнеше жыл бойы бюджет қаржысына жасақталған экспедиция құрамында «қайықпен серуендеп» қоғам сынына ұшыраған «Жайық-Урал» экологиялық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко да қатысты. Тарасенко ол жайында ләм-мим жақ ашпаса да, Жайық өзенінің ахуалын зерттеу үшін ғылыми негіздеме жасақтау керектігі жөніндегі пікірін ортаға салды.

«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директорының орынбасары Саят Әлімқұлов кешенді ғылыми зерттеу жұмысына Жайықты сауықтыруға бөлінген қаражаттың бір пайызы да қарастырылмай отырғанына қынжылыс танытты. Саят Әлімқұлов Жайық түгілі, Қазақстандағы өзен-көлдің нақты саны енді-енді нақтыланып жатқанын айтып салды. Институт директорының сөзінше, елде өзен-көлді зерттеумен айналысатын білікті маман тапшы. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов те ғылыми айналымда жүрген Жайық өзені туралы мәліметтер мүлдем ескіргенін, деректерді жүйелі жаңартумен айналысу аса маңызды екенін айтты.

 

Ресейдің райы қандай?

– Жергілікті тұрғындар су тапшылығын анық сезінуде. Қазіргі уақытта өзен жағдайына айрықша алаңдап отырмыз. Ресейдің Орынбор облысында су платинасы салына ма? Соны білгіміз келеді. Әңгіме ауанына қарасам, Ресей Федерациясының өкілдері өзеннің экологиялық жағдайына байланысты толыққанды ақпарат беріп жатпағанға ұқсайды. Бұл – осы мәселемен шұғылданатын үкіметаралық комиссия жұмысындағы кемшіліктің бірі. Екіжақты келісімшарт бойынша Ресей мен Қазақстан тараптары тиімді қам-қарекет жасауы керек. Аталған комиссияның жұмысы ашық болуын, оған Батыс Қазақстан облысындағы қоғам белсенділерінің қатысуын талап етеміз. Министрлік өкілдерінен сұрарым, әлі күнге Жайық өзенінің бойындағы құрылыстар, бөгеттер, платиналар және су тораптары анық көрсетілген карта неге көпшілік назарына ұсынылмайды? Ондай карта бар ма, әлде жоқ па? – деді экологиялық қоғамдық бірлестік басшысы  Дархан Сариев.

РФ Федералдық су ресурстар агенттігінің Төмен-Еділ бассейндік су басқармасы басшысының орынбасары Сергей Ридель Орынбор облысында су платинасын салу әзірше қарастырылмайтынын, сондай-ақ Ресей ашық ақпарат алмасуға әзір екенін, «Google» жүйесі арқылы су қоймалары мен тораптары жөнінде мәлімет білуге болатынын айтты. «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директорының орынбасары Саят Әлімқұлов «Google» арқылы ақпарат іздеу тиімсіз екенін кесіп айтып, институт ғалымдары тиісті құрылымдардан Жайықтың Ресей бөлігіндегі, тіпті Қазақстан жағындағы су нысандарының гидрологиялық режимі, өзен суының құрамы, сипаттамасы туралы толық ақпарға қол жеткізе алмай отырғанын алға тартты. Сөз қорытындысында осыдан-ақ «Кісідегінің кілті аспанда» дегенді түйін жасауға болады.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Sarapshy.info

 

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий