Қыркүйектен бастап қазақстандықтардың ақша аударымдарын бақылау тәртібі қатаңдай түседі. Енді үш ай ішінде шотына бірден 1,02 млн теңгеден астам қаражат түскен азаматтарды салық органдары бақылауға алады. Үш айда 100-ден астам аударылым жасалған шоттар да мемлекеттік кірістер комитетінің назарына ілігеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамытуагенттігі заң жобалары күшіне енгенін хабарлады. Енді онлайн несие алу кезінде қаражат шотқа бірден түспейді. Қарыз алушы 24 сағат ішінде өз келісімін қайта растауы қажет. Бұл жүйе азаматтарға ойлануға қосымша уақыт береді және артық несие алудан сақтандырады.
Алғаш рет 150 АЕК-тен (196 600 теңгеден) жоғары несие рәсімдеген жағдайда азаматтар банктің немесе микроқаржы ұйымының кеңсесіне баруға тиіс. Ал 21 жасқа толмағандар мен 55 жастан асқандар қарызды тек арнайы келісімді толтыру арқылы ала алады.
Әскерге шақыру тәртібі де заманауи жүйеге көшеді. Бұдан былай шақыру қағаздары SMS немесе eGov порталы арқылы жіберіледі. SMS-хабарламалар әскерге шақыру қағазына тең. Әскерге шақырудың жаңа маусымы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Енді қазақстандықтар құрылысы аяқталмаған пәтерді қолма-қол ақшамен сатып ала алмайды. Төлем тек банктер арқылы уәкілетті құрылыс компаниясының есепшотына аударылуы тиіс.
Қыркүйектен бастап мектеп асханаларында жаңа тамақтану стандарты енгізіледі. Енді тағамдарда қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды, деп хабарлады ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.
Студенттердің стипендия көлемі өседі. Енді бакалаврлар айына 52 мың теңге, магистранттар – 117 мың теңге, докторанттар – 262 мың теңге алады. Алдынғы жылы стипендия көлемі бакалавриат студенттері үшін 47 135 теңге, ал магистратура мен докторантурада оқитын студенттер үшін сәйкесінше 97 024 және 217 000 теңге еді.
Еңбек нарығында да жаңалық бар: жұмыс берушілер алдымен enbek.kz порталынан қазақстандық мамандарды іздеуі тиіс, ал шетелдік жұмысшылар тек бос орынға лайықты үміткер табылмаған жағдайда ғана шақырылады.
фото: ЖИ-генератор

