Украина Қазақстанның Каспий құбыр консорциумының теңіз инфрақұрылымына дрондармен жасалған шабуылдан кейін білдірген наразылығына жауап берді. Бұл туралы Украинаның Сыртқы істер министрлігі жолдаған хабарламадан белгілі болды.
Украина тарапы Қазақстанның алаңдаушылығын ескеретінін, алайда бұл әрекеттер Қазақстанға немесе өзге мемлекеттерге қарсы бағытталмағанын айтты. Ведомство соққылардың тек Ресейдің әскери әлеуетін әлсірету мақсатында жасалғанын атап өтті.
Сонымен қатар Украина Қазақстанның Ресей бастаған қақтығыстан келіп түскен залалға қатысты еш мәлімдеме жасамағанын айтты.
Украина СІМ Қазақстан халқына деген құрметін және екі ел арасындағы достықты дамытуға ниетті екенін растады.
Қазақстан реакциясы
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуылға байланысты наразылық танытып, бұл секілді оқиғалардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров КТК-ның жаһандық энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, Қазақстанның жауапты өндіруші ретінде үздіксіз мұнай жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс екенін жеткізді.
Министрлік бұл жағдайды Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қатынастарға нұқсан келтіретін әрекет ретінде бағалап отыр.
Каспий құбыр желісі консорциумына шабуыл
29 қарашада таңғы 06:06-да Каспий құбыр желісі консорциумына шабуыл жасалды.
Соққы кезінде ВПУ-2 айлақша құрылғысы зақымданған. Консорциум мұнай тиеу жұмыстары дереу тоқтатып, танкерлер акваториядан шығарылды.
Бұған дейін 25 қарашада ұшқышсыз ұшатын аппараттардың соққысы салдарынан құбырдың Новороссийск маңындағы әкімшілік корпусы зақымдалды.
фото: istockphoto.com

